Общество

Астана балабақшаларында балалар қауіпсіздігіне арналған челлендж өтуде

Астана қаласының балабақшаларында «Әке, ана, терезені жапшы!» атты әлеуметтік бастама іске қосылды. Елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, бұл челлендж балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға, бүлдіршіндер арасында қауіпсіздік мәдениетін орнықтыруға және ата-аналардың жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған.

Балабақшаларда тәрбиешілер балалармен арнайы қауіпсіздік сабақтары өткізді. Оларда үйде, аулада және көпқабатты тұрғын үйлерде сақтау қажет ережелер түсіндірілді. Ашық терезенің қауіптілігі, терезе маңында ойнамау керектігі сияқты мәселелер балалардың жас ерекшелігіне лайық ойындар мен танымдық іс-шаралар арқылы жеткізілді. Челленджтің ерекше тұсы — бүлдіршіндердің ата-аналарына тікелей үндеу жасауы: «Әке, ана, терезені жапшы» және «Менің қауіпсіздігім — сіздердің қолдарыңызда» деген сөздер арқылы балалар ересектерді осы мәселеге назар аударуға шақырды.

Қалалық Білім басқармасы барлық ата-аналарға бірқатар нақты талап қойды: балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнату, жиһазды терезе алдына қоймау және қауіпсіздік нормаларын мүлтіксіз сақтау. Мамандардың атап өткеніндей, баланың өмірі мен амандығы ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Другие новости

Back to top button