ЕҚДБ қаржысын Риддердегі кәріздік-тазарту құрылыстарына тарту жоспарлануда
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлесіп жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың барысын баяндады.
ЕҚДБ-мен қандай жобалар жүзеге асырылуда
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен ЕҚДБ Ақтөбе, Қарағанды және Риддер қалаларында кәріздік-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу және реконструкциялау бойынша тиімді әріптестік орнатқан.
Жобалар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Оларды іске асыру барысы кеңес отырысында жеке қарастырылды.
Риддердегі тазарту құрылыстарын реконструкциялау неге маңызды
Министр Риддердегі тазарту құрылыстарын реконструкциялаудың экологиялық және әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. Қазір нысандардың тозу деңгейі жоғары.
Мәселені шешу үшін ЕҚДБ қаржысын тарту жоспарлануда. Негізгі шарттар мен күтілетін нәтиже мынадай:
- қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен және жергілікті бюджет қаражатын бірге пайдалану арқылы жүзеге асады;
- реконструкциядан кейін КТҚ-ның тәуліктік өнімділігі 19 мың м³ болады деп күтілуде.
«Аталған жобаны іске асыру ЕҚДБ-мен ұзақ мерзімді әріптестігіміздің тағы бір практикалық нәтижесі саналады. Бұл коммуналдық инфрақұрылымның сапасын және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді», — деді Ерсайын Нағаспаев.
ЕҚДБ су инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуға дайын
ЕҚДБ-ның Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан банктің Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту ісіне қатысуға ниетті екенін растады.
Дереккөз: gov.kz



