Экономика

Сауда министрлігі әуе билеті бағасының ашықтығын талқылады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Қоғамдық кеңестің жыл соңындағы қорытынды отырысы өтті. Жиында ішкі әуе рейстеріне билет бағасының ашықтығы, электрондық сауданы дамыту және өңірлік цифрлық нарық құру мәселелері сөз болды. Отырысты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекин жүргізді. Оған мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.

Электрондық сауда мен цифрлық нарық мәселелері

Жиналғандар электрондық сауданы дамыту, отандық бизнесті қолдау және қазақстандық, шетелдік маркетплейстерге тең жағдай жасау жайында пікір алмасты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы бөлшек электрондық сауда көлемі 3,77 триллион теңгеге жетіп, 19,4%-ға өсуі мүмкін. Осыған орай шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алуда салық салу, кедендік бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды. Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстан елдері үшін ортақ цифрлық нарық құру бастамасы ұсынылды. Бұл бағытта төлемдерді жеңілдету, электрондық құжаттарды өзара тану және IT-компаниялар үшін қолайлы жағдай жасау ұсынылды.

Әуе билеті бағасының ашықтығын қамтамасыз ету жолдары

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов ішкі әуе рейстеріне билет бағасының қалай белгіленетіні және оның ашықтығы мәселесін көтерді. Талқылау нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне Көлік министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе билеттері бағасына мониторинг жүргізу, тарифтер қалыптасуын зерттеу тапсырылды. Сонымен қатар жолаушыларға билет бағасын әр күнге салыстыруға мүмкіндік беретін баға күнтізбесін енгізу және баға өзгергенде хабарлама жолдау ұсынылды. Барлық ұсыныстарды жауапты мемлекеттік органдар жан-жақты қарайды, ал орындалуын Қоғамдық кеңес бақылауда ұстайды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button