Білім

Қазақстандық ЖОО-лардың ғылыми жобалары COP31 саммитінде таныстырылды

Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның жоғары оқу орындары өздерінің ғылыми жобаларын көпшілікке таныстырды. Бұл халықаралық іс-шарада әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдар, сарапшылар мен ұйым өкілдері климат өзгеруіне қарсы күрес, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылық мәселелерін талқылап отыр.

Қазақстан павильонында алты инновациялық жоба ұсынылды

Саммит аясында Қазақстанның ұлттық павильоны жұмыс істеп, мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялардың әзірлемелерімен қатар, үш жоғары оқу орнының алты ғылыми жобасы көрсетілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өздерінің қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және климат өзгеруіне бейімделу бағытындағы зерттеу нәтижелерін халықаралық қауымдастыққа ұсынды.

Панельдік сессияда су ресурстары мен мұздықтарды зерттеу мәселесі көтерілді

Конференция барысында «Су мұнаралары саласындағы серіктестік: криосфераны зерттеуден Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға дейін» атты панельдік сессия өтті. Бұл жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Динара Щеглова Қазақстанда гляциология, криосфераны зерттеу және су ресурстарын басқару салаларында жүйелі ғылыми жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, бұл бағыттағы зерттеулер өңірлік экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен климаттың өзгеруіне бейімделуде маңызды рөл атқарады. ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы, География және су қауіпсіздігі институты, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті осы салаға үлес қосып отыр.

Су ресурстарын қорғау және жаңа Су кодексінің мәні

Өз сөзінде ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау және мұздықтарды зерттеу бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданды. Бұл құжат су қорын қорғау, сарқылудың алдын алу, су үнемдеу технологияларын енгізу және климат өзгеруіне бейімделуді көздейді.

Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия гляциологиялық орталығы жұмыс істейді. Бұл мекеме таулы аймақтардағы мұздықтардың жай-күйі мен қар суларының ағынын зерттеуге айтарлықтай үлес қосып отыр.

Ғылыми ынтымақтастық пен экологиялық қауіпсіздік

Панельдік сессияда ғалымдар ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, су ресурстарын сақтау, климаттық тәуекелдерді төмендету және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, COP31 саммиті Анталия қаласында 2026 жылғы 9-20 қараша аралығында өтеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button