Қоғам

Ұлттық ұланда мерзімді қызмет: колледждің жеті фельдшер түлегі бір сапқа тұрды

Биыл елордалық колледждің жеті түлегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызмет өткеруге шешім қабылдады. Олардың бәрі фельдшер мамандығын бітірген. Қазір жас сарбаздар Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің оқу пунктінде әскери істің негіздерін игеріп, Отан алдында ант беруге дайындалуда.

Әскерге баруға бастама көтерген кім болды

Бастаманы қатардағы Кәдіржан Байтенов көтерді. Ол алғашқылардың бірі болып әскери басқару органына барып, медициналық комиссиядан өтті. Содан кейін бірге оқыған достарына да әскерге баруды ұсынды.

Ұсынысты сол кезде Шымкентте жүрген қатардағы Думан Қорғанбаев қолдады. Достарының әскерге жиналып жатқанын естіген ол Астанаға билет алып, сол күні әскери басқару органына келді. Осылайша бір топта оқыған жеті жігіттің жолы қайта тоғысып, олар енді әскери киіммен бір саптан табылды.

Жас жауынгер курсында сарбаздар не үйренуде

Қазір жігіттер жас жауынгер курсынан өтіп жатыр. Олар әскери күн тәртібіне бейімделіп, саптық даярлық пен әскери істің негіздерін меңгеруде. Сарбаздардың айтуынша, достарының қасында болғаны жаңа ортаға үйренуді жеңілдетеді.

Қатардағы Алмас Болысбек бұл туралы былай дейді: «Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы білеміз, сондықтан мұнда өзімізді сенімдірек сезінеміз. Қандай жағдай болса да, бір-бірімізден көмек сұрай аламыз. Күнделікті сәттерді де, әскери өмірдің алғашқы қиындықтарын да бірге өткеріп жатырмыз».

Ұлттық ұланды таңдауға не әсер етті

Жас сарбаздардың шешіміне әскердегі заманауи технологиялар да ықпал еткен. Олардың назарын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі мына бағыттар аударған:

  • қызметті цифрландыру;
  • интеллектуалды бейнебақылау жүйелері;
  • тамақтандыру саласындағы жаңа шешімдер.

Жеті достың алдағы қызметі мен болашақ жоспары

Жігіттерді алда бірнеше айлық әскери қызмет күтіп тұр. Жауынгерлік дайындықтан кейін олар Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді атқарады.

Кейбір сарбаздар болашақта Ұлттық ұланның әскери медицина саласында қызмет еткісі келеді. Бірнешеуі Әскери-медициналық басқармада қызмет етіп, колледжде алған фельдшерлік білімін әскери салада қолдануға ниетті.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button