Білім

Президент Тоқаев: еңбекқор әрі білімге құштар ұрпақ тәрбиелеу – стратегиялық мақсат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстанның өркендеуі әрбір азаматтың қосатын үлесіне тікелей байланысты.

Балаларға қандай мүмкіндік беру керек

Тоқаев балалардың қызығушылығы мен қажеттілігін ескеріп, оларды нақты өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғау міндетті екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты мақсат – жас ұрпаққа жарқын болашақ пен нақты мүмкіндік беру, есейген шақта арманына жетуге талпындыратын жағдай жасау.

Президент еңбексіз табыс та, жетістік те болмайтынын айтты. Оның пікірінше, еңбек – өмірдің арқауы, ал өмір – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолынан тек жан-жақты дайындалған, білімі мол адам ғана сүрінбей өтеді. Мемлекет басшысы осы қарапайым ақиқатты балаларға түсіндіру қажет деп санайды.

Тоқаев стратегиялық мақсатты да атады: биік белестерге көз тігетін, бәсекеден қорықпайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.

Қоғамдағы жаңа этика және «Таза Қазақстан» акциясы

Президент халықтың дүниетанымы өзгеріп, қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, мына қасиеттер ұлттық дағдыға айнала бастады:

  • тазалық;
  • еңбекқорлық;
  • адалдық;
  • өзара сыйластық.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясының жалпыұлттық сипат алғанын атап өтті. Акция елдің келбетіне ғана емес, азаматтардың болмысына да жақсы әсер ете бастаған. Табиғатты қорғау және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттің конституциялық міндеті.

Президент ұстаздар қауымына не деді

Тоқаев осындай маңызды іске ұстаздар қауымының да мол үлес қосып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады.

Осыған орай Президент еліміздегі барлық ұстазға шынайы алғысын білдірді. Мемлекет басшысы ұстаздық еткен әрбір адамның еңбегі зор құрметке лайық екенін айтты.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button