Басты жаңалықтар

Салық есептілігін ұсынудың жаңа тәртібі: нөлдік есептілік автоматты түрде қалыптасады

Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық есептілігін ұсынудың жаңа тәртібі қолданыла бастады. Салық кодексінің нормаларына сәйкес, тапсыру мерзімі өткеннен кейін салық органының ақпараттық жүйесі тиісті салық кезеңі үшін нөлдік көрсеткіштері бар есептілікті өзі қалыптастырады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Салық төлеушілер алдын ала не істеуі керек

Жаңа тәртіпке байланысты салық төлеушілер «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында ұсынылуға тиіс салық есептілігі нысандарын (СЕН) алдын ала белгілеуі қажет.

Әрекеттер реті мынадай:

  1. «Салық төлеушінің кабинеті» (СӘИЖ) веб-қосымшасына кіру.
  2. «Ұсынылатын СЕН» бөліміне өту.
  3. Қолданылатын салық режимі мен қызмет түріне сәйкес қажетті СЕН-дерді қосу.
  4. Әрбір СЕН бойынша тапсыру басталған жыл мен салық кезеңін көрсету.
  5. Енгізілген мәліметтерді сақтау.

Автоматты есептілік міндеттемелерден босатпайды

Нөлдік көрсеткіштері бар есептіліктің автоматты түрде қалыптасуы салық төлеушіні нақты салық міндеттемелерін көрсету қажеттігінен босатпайды.

Егер есептілік автоматты түрде қалыптасқаннан кейін салық төлеушінің есептілікте көрсетілуге тиіс салық салу объектілері нақты тіркелген болса, ол тиісті салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін тапсыруға міндетті.

Жаңа тәртіп кімдерге қолданылмайды

Аталған тәртіп жеке тұлғалардың жеке кәсіпкерлікке қатысы жоқ қызметі бойынша салық есептілігін ұсынуына қолданылмайды.

Департаменттің айтуынша, есептілікті нөлдік көрсеткіштермен автоматты түрде қалыптастыру салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button