Қоғам

Абай облысында мал ұрлығы үшін 11 адам алты жылға дейін бас бостандығынан айырылды

Абай облысының Бесқарағай аудандық соты мал ұрлығын бірнеше рет жасаған 11 адамды сотталды деп таныды. Оларға алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу амалдарын Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізді. Іс бойынша тіркелген эпизодтардың бірі 20 ақпанда болды: түнгі сағат 02:00 шамасында Өндіріс ауылының маңында полицейлер мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш автокөлікті тоқтатты. Кейін жүргізілген жедел-тергеу шараларының барысында бірнеше рет жасалған ұрлық фактілерінің мән-жайы анықталып, дәлелдемелер жиналды. Материалдар сотқа жолданды.

Абай облысының полиция департаменті мал иелерін жайылымдағы малдың қауіпсіздігін қадағалап отыруға шақырады. Мал жоғалса, полицияға дереу хабарлау қажет. Жайылымдар мен мал ұсталатын орындардың маңынан күдікті автокөлік немесе өзге де күмәнді әрекет байқасаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button