Спорт

Кинопоиск арқылы қазақстандық жаңа фильмдерді таныту мүмкіндіктері кеңейеді

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Yango Group компаниясының бас директоры Даниил Шулейкомен кездесті. Тараптар Кинопоиск платформасында қазақстандық фильмдерді көрсету, сондай-ақ креативті индустрия, цифрлық технология, жасанды интеллект және білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Кинопоисте қазақстандық фильмдерді насихаттау жолдары

Кездесуде отандық киноны цифрлық платформаларда таныту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Кинопоиск тарапымен келесі бағыттар талқыланды:

  • платформадағы қазақстандық жаңа фильмдер санын арттыру;
  • фильмдердің тұсаукесерлеріне ақпараттық қолдау көрсету;
  • отандық туындыларды платформаның тақырыптық топтамаларына енгізу;
  • қазақстандық фильмдерді көрерменге ұсынылатын тізімге қосу.

Авторлық құқықты қорғау және жасанды интеллект

Тараптар фильмдерді заңсыз көшіру мен таратуға қарсы күрес мәселесін де қарастырды. Авторлық құқықты қорғауға бағытталған заң бастамаларын бірлесіп алға жылжыту жайы сөз болды.

Одан бөлек, өнер мен кино саласында жасанды интеллектіні қолдану, креативті индустрияларды цифрландыру және заманауи цифрлық дағдыларды дамыту мәселелері талқыланды.

Білім беру саласы және «Creative Qazaqstan» жобасы

Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында Yandex Qazaqstan сарапшылары мен тәлімгерлерінің Креативті индустрияларды дамыту қорының іс-шараларына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Арман Қырықбаев Yandex Qazaqstan компаниясының «Creative Qazaqstan» жобасын атап өтті. Қазақстанның қазіргі креативті экономикасына арналған бұл жоба «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарында жүзеге асып жатыр.

Кездесу соңында тараптар кино, креативті индустрия, жасанды интеллект және цифрлық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, қазақстандық контентті кеңінен таныту ісіне мүдделі екенін растады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button