Басты жаңалықтарСпорт

«Заң мен тәртіп»: Астанада хоккейден балалар турнирі өтіп жатыр

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында хоккейден балалар мен жасөспірімдер турнирі өтіп жатыр. Спорттық іс-шара елорданың Есіл аудандық прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жарысқа елорданың 2017 жылы туған және одан кіші спортшылардан құралған 6 хоккей командасы қатысып жатыр. Турнир салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар спортын дамытуға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында тәртіпті, жауапкершілікті, ережелерді құрметтеу мен командалық рухты қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара аясында топтық матчтар, жүлделі орындар үшін ойындар, финалдық кездесулер және марапаттау рәсімі өтеді. Жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит және рекордшы спортшы Айтым Жақыпов турнирдің құрметті қонағы болды.

Турнирдің басты мақсаты – спортты дамыту және балаларды көңілді ортаға тарту арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.

«Бұз балаларды қозғалыс, тәртіп, құрмет, командалық рух және дамуға деген ұмтылыс бар жақсы ортаға тартқымыз келеді. Спорт – жастарды тәрбиелеудің ең тиімді құралдарының бірі. Балалар үшін бұл жай ғана ойын емес, маңызды өмірлік жол, алғашқы жетістіктер және өз күшіне сену мүмкіндігі», – деп атап өтті елорданың Есіл ауданының прокуроры Ерденбек Тоқбаев.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту үшін мұндай бастамалардың маңыздылығын баса айтты.

«Бүгінгі іс-шара балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпақтың бойында тәртіп, жауапкершілік, ережелерді құрметтеу және командалық рух сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Хоккей – біздің елордамыз үшін күшті, мақсатты және отансүйгіш жас азаматтарды тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды спорт түрлерінің бірі», – деді Василий Левит.

Турнир қорытындысы бойынша қатысушылар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button