Басты жаңалықтарСаясат

Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы геологиялық форум алаңына айналды

Астанада Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геологиялық форумы өтіп жатыр. Форум – өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға, жер қойнауын ұтымды және орнықты пайдалануға келісілген тәсілдерді әзірлеуге бағытталған геология саласындағы кәсіби диалог үшін жаңа өңірлік алаңның бастауы, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев құттықтау сөзінде Орталық Азия елдерінің экономикалық даму, өнеркәсіпті жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздік үшін негіз саналатын айтарлықтай минералдық-шикізаттық әлеуетке ие екенін айтты. Сонымен қатар сала дәстүрлі кен орындарының сарқылуы, терең қабаттар мен қолжетімсіз аумақтардағы ресурстарды игеру қажеттілігі сияқты бірқатар қиындықтарға тап болып отырғанын жеткізді.

Осыған байланысты жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесін жаңғыртудың маңызы артып келеді. Қазақстан салада цифрлық мүмкіндіктерді енгізу және заманауи инфрақұрылымды дамыту арқылы реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

«Біз инвесторларға өзекті әрі сенімді ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи ақпараттық жүйені қалыптастыру бағытында тыңғылықты жұмыс жүргізудеміз. Архивтік материалдарды цифрландыру, үлкен деректерді өңдеу және Жерді қашықтан зондтау технологияларын енгізу геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және отандық әрі шетелдік инвестициялар ағынын ұлғайтуға ықпал етті.

Сонымен қатар өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Орталық Азия елдері бірлескен геологиялық барлау жобаларын, оның ішінде аса маңызды шикізат түрлері бойынша жобаларды жүзеге асыруда бірегей мүмкіндіктерге ие.

«Біздің алдымызда ортақ міндет тұр — қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдалану және олардың әлеуетін болашақ ұрпақ үшін сақтау. Күш-жігерді біріктіру Орталық Азияның геология саласын жаңа даму деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

2-3 сәуір күндері өтіп жатқан форумға Орталық Азия елдерінің делегациялары, мемлекеттік органдардың, ұлттық геологиялық қызметтердің және жетекші компаниялардың өкілдері қатысуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында, сондай-ақ 10 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында геологиялық барлау жұмыстарын жандандырудың, жаңа көмірсутек кен орындарын игерудің және геология саласына жеке инвестиция тартудың маңызын атап өткен болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button