Басты жаңалықтарҚоғам

«Ертең суды өшіреміз, чек жіберіңіздер»: Тұрғындар чаттарын кезген кезекті алаяқтық тұзағы қалай жұмыс істейді?

Соңғы уақытта тұрғын үй кешендерінің WhatsApp чаттарында «Ертең қарызы бар пәтерлердің суын қиямыз, төлем жасаған болсаңыз, түбіртекті мына нөмірге жіберіңіз» деген мазмұндағы үрейлі хабарламалар жиі тарап жүр. Бір қарағанда кәдімгі коммуналдық қызметтің ескертуі сияқты көрінгенімен, мамандар мұндай ресми емес хаттарға сенбеуге және ешкімге төлем түбіртегін (чек) жібермеуге шақырады.

Алаяқтардың бұл айласы несімен қауіпті және қарапайым түбіртек олардың қолында қандай қаруға айналуы мүмкін?

Неліктен бұл хабарламаға сенуге болмайды?

Ең алдымен, кез келген ресми коммуналдық мекеме қызметті өшірмес бұрын тұрғынға алдын ала ресми ескерту (уведомление) жібереді. Ешбір мекеме ортақ чатқа жазып, бір күннің ішінде суды немесе жарықты қиып тастамайды. Екіншіден, мұндай хабарламаларда ресми байланыс орталықтарының орнына белгісіз ұялы телефон нөмірлері көрсетіледі. Ал «үйдің жартысы төлемеген», «ондаған адамнан тұратын бригада шықты» деген сөздер — адамдарды асықтырып, ойлануға мұрша бермеу үшін қолданылатын психологиялық қысым.

Түбіртекте құпиясөз жоқ қой, оны жіберсе не болады?

Көптеген тұрғындар «чекте карта нөмірі мен құпиясөз жоқ, жібере салса несі кетеді?» деп ойлайды. Алайда алаяқтар үшін түбіртектегі ақпараттың өзі үлкен олжа. Онда сіздің толық аты-жөніңіз, нақты мекенжайыңыз, жеке шотыңыз және қай банк арқылы қанша теңге төлегеніңіз жазылып тұрады. Бұл деректер келесі кезеңде сізді алдау үшін бірнеше бағытта қолданылады:

Сенімге кіріп, 1414 кодын алдап алу.
Бірнеше күннен кейін сізге өзін су арнасының, энергетикалық компанияның немесе электронды үкімет порталының қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалады. Ол сіздің аты-жөніңізді, мекенжайыңызды және соңғы төлеген сомаңызды дәл айтып тұрғандықтан, әңгімеге еріксіз сенесіз. Сенімге кірген соң, «есептегішті тексеру кезегіне қоямыз» немесе «төлемді қайта есептейміз» деген сылтаумен 1414 нөмірінен келген SMS-кодты сұрайды. Осы код арқылы алаяқтар сіздің атыңыздан несие рәсімдей алады.

Жалған төлем сілтемелерін жіберу.
Сіздің түбіртегіңіз бен жеке шотыңызды үлгі ретінде алған алаяқтар «төлем өтпей қалды, мына сілтеме арқылы қайта төлеңіз» деп фишингтік сілтеме жіберуі мүмкін. Сілтемеге өтіп, карта деректерін енгізген сәтте есепшотыңыздағы барлық қаражат ұрланады.

Пәтер иелерінің базасын жасақтау.
Осы тәсіл арқылы алаяқтар чаттағы белсенді нөмірлер мен пәтер иелерін іріктеп алады. Кейін дәл осы нөмірлерге «банк қауіпсіздік қызметіненмін» немесе «құқық қорғау органынанмын» деген ірі телефон шабуылдары бағытталады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

Коммуналдық қызметтерге қатысты кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіз. Берешектің бар-жоғын банктің ресми қосымшалары арқылы немесе бірыңғай байланыс орталықтарына қоңырау шалып білуге болады. Үй чаттарында тараған күмәнді хабарламаларға жауап бермеңіз, бейтаныс нөмірлерге ешқандай чек, түбіртек немесе жеке мәлімет жібермеңіз және 1414 нөмірінен келетін SMS-кодтарды ешкімге айтпаңыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button