Қазақстанда 330-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт бекеті ашылды
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Құйған ауылдық округіне қарасты Құйған кентінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде кезекті ерікті өртке қарсы құралым жұмысын бастады. Жаңа өрт сөндіру бекеті үш елді мекеннің, яғни жалпы 1 200 адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бекеттің ашылу шарасына Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Күршім ауданының басшылығы, ауылдық округ әкімі, жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар қатысты. Бұл нысан тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген. Ғимаратта өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме және қызметтік, тұрмыстық бөлмелер бар. Бөлімше қажетті техникалармен, байланыс құралдарымен және арнайы киіммен жабдықталған.
Салтанатты рәсімде бекеттің құрылысы мен жабдықталуына үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Іс-шара соңында аумақты көгалдандыру мақсатында ағаш отырғызылды.
Дереккөз: gov.kz



