Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қызыл күрең беретке ие болды
Арнайы операциялар күштерінің оқу орталығында қызыл күрең берет кию құқығына арналған дәстүрлі жыл сайынғы біліктілік сынақтар өткізілді. Бұл сынаққа 170 үміткер қатысты. Қызыл күрең берет – ерлік пен рухтың, кәсіби шеберліктің белгісі болып саналатын Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің рәмізі.
Берет лауазымға немесе еңбек өтіліне қарай берілмейді, оған тек ерекше даярлық пен еңбегі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сынақ бағдарламасы арнайы пәндер кешенінен тұрды. Оған таулы жердегі дайындық, медициналық және радиоқұралдармен жұмыс, әскери-жарылыс ісі, ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгеру енді. Сонымен қатар, атыс дайындығы да басты назарда болды. Үміткерлер қаруды сенімді пайдаланып, дәлдік пен жоғары жүктеме кезінде зейінділігін көрсетуі тиіс болды.
Сынақтың ең күрделі кезеңдерінің бірі – арнайы тапсырмаларды орындау барысында 30 шақырымдық марш жасау. Бұл кезең қоян-қолтық ұрыс жекпе-жектерімен аяқталды. Соңғы сатыда әскери қызметшілерден төзімділік пен психологиялық тұрақтылық талап етілді. Барлық кезеңнен сәтті өткендер қызыл күрең берет киюге мүмкіндік алды. Оларға береттер салтанатты түрде табысталды.
Қызыл күрең беретті иелену оны өмір бойы киюге кепілдік бермейді. Егер әскери қызметші кәсіби деңгейін немесе ұжым мен басшылықтың сенімін жоғалтса, бұл құқықтан айырылады. Мұндай біліктілік сынақтарын өткізу дәстүрі Қазақстанның басқа ведомстволары мен бірнеше елдің арнайы бөлімшелерінде де бар.
Дереккөз: gov.kz



