Қоғам

Интернет-алаяқтықтан қалай қорғануға болады: полиция кеңесі

Абай облыстық полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдерінен сақ болуға шақырды. Соңғы уақытта алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы, сондай-ақ жасанды интеллект пайдалануға көшкен. Олар азаматтардың ақшасы мен жеке мәліметтерін алудың жаңа жолдарын ойлап табуда.

Банк қызметкері атынан жасалатын қоңыраулар

Көп кездесетін алаяқтықтың бірі – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалу. Мұндай жағдайда алаяқтар шоттағы қаражатқа қауіп төнгенін айтып, SMS-код, банк картасының деректері немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайды. Полиция қызметкерлері банк қызметкерлері ешқашан құпия ақпарат сұрамайтынын ескертеді.

Жалған инвестициялық жобалар

Алаяқтар қысқа мерзімде жоғары табыс береміз деп уәде етіп, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға шақырады. Олар танымал адамдардың бейнесін, тіпті жасанды интеллектпен жасалған видеоларды пайдаланып, сенімге кіруге тырысады.

Фишинг және жалған сайттар

Тағы бір тәсіл – фишинг. Қаскөйлер банктер мен мемлекеттік мекемелердің ресми сайтына ұқсас жалған сайттар жасап, азаматтардың жеке және банктік деректерін алуға әрекет етеді.

Интернет-дүкендер мен хабарландыру сайттарындағы алаяқтық

Алаяқтар интернет-дүкендер мен хабарландыру сайттарында тауарды арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін байланыс үзіліп, тауар жеткізілмейді. Бұл пәтер жалдау, көлік пен басқа мүлікті сату кезінде де кездеседі.

Мессенджердегі қауіптер мен курьерлік қызметтерді пайдалану

Алаяқтар өзге адамның аккаунтына кіріп, оның атынан туыстары мен таныстарына шұғыл ақша аударуды өтінеді. Сондай-ақ, курьерлік қызметтердің атын жамылып, сәлемдемені жеткізуге немесе тапсырысты растауға сілтеме жібереді. Мұндай сілтемелер арқылы жеке деректер мен банк мәліметтері ұрлануы мүмкін.

Жалған ұтыс ойындары мен сыйлықтар

Алдау тәсілдерінің бірі – жалған ұтыс ойындары мен сыйлықтар. Алаяқтар құнды сыйлық ұтып алғанын айтып, оны алу үшін салық немесе комиссия төлеуді сұрайды.

Қаржылық қауіпсіздік шаралары

Полиция жеке деректерді пайдаланып, заңсыз несие рәсімдеуге немесе әлеуметтік желіде танысып, сенімге кірген соң ақша сұрауға да ескерту жасайды. Қауіпсіздік үшін SMS-код, PIN-код, банк картасының CVV-коды мен құпиясөзді ешкімге айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпей, жеке ақпаратты бейтаныс адамдарға бермеу қажет.

Алаяқтық құрбаны болғанда не істеу керек

Егер интернет-алаяқтыққа тап болсаңыз, бірден банкке хабарласып, шот пен картаны бұғаттаңыз. Сонан соң полицияға арыз беріп, сөйлескен хат-хабарлар мен телефон нөмірлерін, ақша аударымын растайтын түбіртектерді сақтаған жөн.

Полиция ескертеді

Полиция алаяқтардың азаматтарды асықтырып, қорқыту немесе сеніміне кіру арқылы әрекет ететінін айтты. Сондықтан кез келген күмәнді ақпаратты тексеріп, қаржылық операциялар кезінде сақтық таныту қажет.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button