Экономика

Қарағандыда 5 мыңға жуық үйге газ тарту жұмысы аяқталды

Қарағанды қаласында Таугүл және Күнгей шағынаудандарын газбен қамту мақсатында газ тарату желілерінің құрылысы толық аяқталды. 6-шы іске қосу кешені аясында 201 шақырымдық газ құбыры жүргізіліп, 4 газ реттеу пункті мен 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.

Газға қосылатын үйлер мен нысандар

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының қатысуымен жүзеге асқан жобаның нәтижесінде 4 940 жеке тұрғын үйге табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, газ желісіне әлеуметтік және қоғамдық нысандарды қосу да жоспарланған. Атап айтқанда, 1 мектеп, 5 балабақша, 2 медицина ұйымы және 4 спорт секциясы газдандырылмақ.

Жобаның өңірге әсері мен жалпы газдандыру көрсеткіші

Бұл жоба Таугүл және Күнгей шағынаудандары тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, қаланың инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді. Сонымен бірге, әлеуметтік нысандарды табиғи газбен қамтамасыз етуге жол ашады.

Энергетика министрлігі биыл елді мекендерді газдандыру бойынша 40 жобаны іске асыруда. Жыл соңына дейін 36 мыңға жуық адам табиғи газға қосылады деп күтілуде. Осылайша, 2024 жылдың соңында ел бойынша халықты газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетіп, 13,2 миллион азамат табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button