Әлеуметтік жәрдемақылардың күшін жою туралы мәлімет шындыққа сәйкес емес
Соңғы уақытта интернетте әлеуметтік жәрдемақылардың күшін жою немесе мөлшерін қысқарту, сондай-ақ азаматтарды мемлекеттік қолдаудан айыру туралы ақпарат тарады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтерді жоққа шығарып, олардың шындыққа сәйкес еместігін хабарлады.
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері сақталады
Министрлік мәліметінше, үкіметтің басты ұстанымы – азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, әділдігін және атаулылығын арттыруға бағытталған. Жәрдемақылардың негізгі түрлері, әсіресе мүгедектігі немесе асыраушысынан айырылуы бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, отбасының материалдық жағдайына қарамастан, бұрынғыдай сақталады.
Жәрдемақылар төлену тәртібі өзгермейді
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, соның ішінде жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төлемдер де толық көлемде беріледі. Бұл төлемдер отбасының табысына қарамай төленеді.
Кейбір жәрдемақыларға атаулы тәсіл енгізіледі
Республикалық бюджеттен төленетін 36 жәрдемақының 12-сіне қатысты келесі жылдан бастап отбасының материалдық жағдайын ескере отырып, атаулы тәсіл қолдану жоспарланған. Бұл – қолдауды ең мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін жасалып отыр.
Ресми ақпаратқа сенуге шақырады
Министрлік әлеуметтік кепілдіктерді жою туралы мәселе көтерілмегенін атап өтті. Қолдау тетіктерін жетілдіру ғана қарастырылуда. Ведомство азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуді ұсынады.
Дереккөз: gov.kz



