Экономика

Қазақстанда қонақүй қызметіне арналған жаңа ұлттық стандарт енгізіледі

2027 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде қонақүй қызметін көрсету бойынша ұлттық стандарт күшіне енеді. Жаңа талаптар «Туризм және ілеспе қызметтер. Қонақүйлер. Қызметтерге қойылатын талаптар» ҚР СТ ISO 22483-2026 стандартына негізделген. Құжатты Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті.

Жаңа стандарттың негізгі талаптары

Стандарт барлық санаттағы қонақүйлерге қолданылады. Ол қонақ нөмірін брондаудан бастап, қонақүйден шыққанға дейінгі барлық қызмет көрсету кезеңін қамтиды. Қонақ нөмірді брондар алдында баға, алдын ала төлемнің қажеттілігі және броньнан бас тарту шарттары туралы толық ақпарат алуы тиіс. Брондау өтінімін қарау мерзімі 24 сағаттан аспауы керек. Қонақүйге кіру және шығу уақытын әр мекеме өзі белгілейді, бірақ стандарт бойынша қабылдау сағат 14:00-ден кешіктірілмей басталып, шығу уақыты сағат 12:00-ден ерте белгіленбеуі ұсынылады.

Қызмет көрсету және қонақтардың сұраныстары

Қонақ белгіленген уақытта келіп, нөмір дайын болмаған жағдайда, қызметкерлер оның жүгін уақытша сақтауға қабылдайды. Күту кезінде қосымша қызметтер ұсынылуы мүмкін, мысалы, қонаққа шай беру. Таңғы ас кезінде ерекше сұраныстар туындаса, мысалы, баланың жаңғаққа аллергиясы бар болса, қызметкерлер тағам құрамын түсіндіріп, жаңғақсыз тағам ұсынуы қажет.

Тазалық пен ауызсуға қойылатын талаптар

Қонақтар тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Нөмірлер күн сайын тазалануы керек. Егер есікке «Мазаламаңыз» деген белгі қойылса, тазалау кейінге қалдырылады. Қонақ нөмірде болса, тазалау тек оның рұқсатымен жүргізіледі. Шағымдарды қонақтар ауызша немесе жазбаша түрде қалдыра алады, ал қонақүй оларды тіркеп, қабылданған шаралар туралы хабарлайды.

Қауіпсіздік және қызметкерлерді дайындау

Жаңа стандартта қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Еден жуылғаннан кейін сырғанау туралы белгі қойылуы тиіс. Бассейн маңында тереңдік, суға түсуге рұқсат және құтқарушы бар-жоғы туралы ақпарат болуы қажет. Құтқару құралдары көзге көрінетін, қолжетімді жерде орналасады. Жазатайым оқиға болған жағдайда қызметкерлер арнайы жоспар бойынша әрекет етеді және оқиғаны тіркейді. Қызметкерлерді оқыту бағдарламасына алғашқы көмек көрсету және реанимация тәсілдері енгізіледі. Қонақүй азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруы керек.

Басқару және қызмет сапасын жақсарту

Жаңа стандарт қонақүй басшыларына қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалауға, міндеттерді нақты бөлуге және оқыту жоспарлауға мүмкіндік береді. Құжатта тамақтану қауіпсіздігі, ортақ пайдаланатын орындардың тазалығы, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мен қонақтардың бос уақытын ұйымдастыруға қатысты талаптар бар. Бұл стандарт қонақүйлерге қызмет көрсету сапасын кешенді түрде бағалап, жетілдіруге жол ашады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button