Энергетика министрлігінде электр желілері мен жасыл энергетика мәселелері қаралды
Қазақстан Энергетика министрлігінде China Southern Power Grid Co., Ltd. компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Цянь Чаоян бастаған делегациямен жұмыс кездесуі өтті. Бұл компания электр энергиясын жеткізу, тарату, күрделі энергетикалық жүйелерді басқару және өнеркәсіптік энергия сақтау жүйелерін дамыту бойынша әлемдік жетекші ұйымдардың қатарында саналады. Компания Азия, Еуропа және Латын Америкасы елдерінде түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Электр энергетикасында технологиялық ынтымақтастық
Кездесу кезінде тараптар Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы технологиялық және инвестициялық әріптестіктің перспективалы бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, жоғары кернеулі тұрақты ток желілерін салу бойынша тәжірибе алмасу, техникалық консалтинг көрсету және «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік бағытын жаңғырту аясында электр желілерін үйлестіре басқару мен диспетчерлеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Жасыл энергетика және интеллектуалды желілер
Kездесуде энергия сақтау жүйелерін дамыту және Smart Grid зияткерлік желілерін енгізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Заманауи энергия жинақтағыштарды пайдалану жаңартылатын энергия көздерін энергетикалық жүйеге қауіпсіз енгізуге, жүйенің икемділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Цифрлық экономика мен жаңа жобаларды қолдау
Мемлекет басшысы алға қойған цифрлық экономиканы дамыту, жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру міндеттері аясында кездесуге қатысушылар жасанды интеллект үшін деректерді өңдеу орталықтарын «жасыл» энергиямен қамтамасыз ету тәсілдерін, сондай-ақ Alatau City қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жоспарлаудағы заманауи шешімдерді қарастырды.
Инженер кадрларды даярлау және тәжірибе алмасу
Келіссөздерде адами капиталды дамыту мен инженерлік құзыреттерді қалыптастыруға баса мән берілді. Қазақстандық энергетик мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламалар, техникалық семинарлар, сарапшылар алмасу және компанияның технологиялық орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі талқыланды.
Келісім мен алдағы жоспарлар
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған технологиялық шешімдерді тереңірек зерттеу мақсатында техникалық мамандар деңгейінде сараптамалық консультацияларды жалғастыруға келісті.
Дереккөз: gov.kz



