Қоғам

Қазақстан құрамасы Беларусьтегі армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпион атанды

Беларусьтің Брест қаласында армиялық қоян-қолтық ұрыстан өткен халықаралық чемпионат аяқталды. Бұл жарысқа Қазақстан, Беларусь және Ресей құрамалары қатысты. Қазақстанның атынан Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің спортшылары екі команда болып өнер көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Біздің спортшылар үш алтын, екі күміс және екі қола медальға қол жеткізді.

Қазақстандық спортшылардың жетістіктері

Жеке жарыстарда 70 келіге дейінгі салмақта лейтенант Олжас Ержанұлы, 85 келіге дейінгі салмақта қатардағы жауынгер Әбдірахман Өмірзақов, ал 85 келіден жоғары салмақта сержант Еламан Қуатов алтын медаль жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта подполковник Аман Шәкіртов пен 75 келіге дейінгі салмақта майор Вадим Федосеев күміс жүлдегер атанды. 65 келіге дейінгі салмақта қатардағы жауынгер Мұхит Қасымбай мен 80 келіге дейінгі салмақта ефрейтор Дархан Дабылбекке қола медаль бұйырды.

Қазақстан құрамасының халықаралық жетістігі

Жалпыкомандалық есепте үздік шыққан қазақстандық әскери спортшылар өздерінің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір дәлелдеп, халықаралық аренада еліміздің Қарулы күштерінің беделін арттырды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button