Қаржы министрі Ұлттық валюта күнімен және қаржы жүйесі қызметкерлерін құттықтады
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев Ұлттық валюта – теңге күні мен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне байланысты ел азаматтарын құттықтады.
Министрдің айтуынша, теңге – еліміздің тәуелсіздігі мен қаржы тұрақтылығының, сондай-ақ отандық қаржы жүйесінің басты белгісі саналады. Қаржы жүйесі – елдің әл-ауқатын арттыратын әрі негізгі стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратын маңызды сала.
Мәди Такиев қаржы жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі мемлекеттік басқару сапасын арттырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және қаржы нарығының дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Министрдің пікірінше, азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы да осы саладағы оң нәтижелермен тығыз байланысты.
Құттықтау соңында Қаржы министрі елімізге береке, әр отбасына амандық, жұмыста табыс тілей отырып, ұлттық валютаның тұрақты, қаржы жүйесінің қуатты болуын тіледі.
Дереккөз: gov.kz



