Қоғам

COP31: Қазақстан климаттық қаржыландыру мен метан шығарындыларын азайту бойынша жаңа бастамаларды ұсынды

2026 жылғы 14 қарашада Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның Ұлттық павильонында бірқатар халықаралық кездесулер мен тақырыптық іс-шаралар өтті. Оларға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А. Қуантыров қатысты. Жиын барысында климаттық қаржыландыруды тарту, инвестициялық тетіктерді дамыту және Орталық Азияда инновациялық жасыл технологияларды ілгерілету мәселелері талқыланды.

Жасыл климат қоры және инвестициялық платформа

Конференция аясында Жасыл климат қоры (GCF) аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Министр А. Қуантыров қордың Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Т. Эрикссонмен кездесіп, институционалдық қолдаудан нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға көшу жолдарын талқылады. Қазақстанның ұлттық климаттық инвестициялық платформасын Readiness 3.0 бағдарламасы аясында іске қосуға байланысты құжаттарға қол қойылды. Алғашқы кезеңде платформаға 1,3 млн АҚШ доллары бөлінеді. Бұл бастама мемлекеттік органдарды, қаржы институттарын және инвесторларды бірлесіп, климаттық жобаларды әзірлеуге бағытталған.

Сондай-ақ, 2025 жылы Жасыл климат қорының аккредитациясынан өткен Қазақстанның Даму Банкінің осы бастамаға қатысуы және трансшекаралық су ресурстарын басқару жобалары талқыланды.

Метан шығарындыларын азайту және аймақтық ынтымақтастық

Қазақстан 2027 жылы Астанада Климат және таза ауа коалициясының (CCAC) жыл сайынғы отырысын өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты министр А. Қуантыров Коалиция Хатшылығының басшысы Мартина Оттомен кездесу барысында білдірді. Қазақстан тарапынан іс-шара бағдарламасына метан шығарындыларын қысқарту жөніндегі аймақтық диалог пен әлеуетті әріптестермен кездесулер енгізу ұсынылды. Отырысты Астанада өткізу аймақ елдері мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді.

Келіссөздерде CCAC елдік бағдарламасының алғашқы жылдағы нәтижелері қаралды. Бағдарлама үш жыл ішінде 4 млн АҚШ долларына дейін қолдау көрсетуді көздейді. Негізгі бағыттары: ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және көмір секторларында метан шығарындыларын азайту, полигон газын ұстау жобаларын дамыту. Сонымен қатар, биогаз қондырғыларын енгізу, шахталық метанды электр энергиясын өндіруге пайдалану және қаржыландыру тарту мәселелері көтерілді. Қазақстан осы жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық инвесторлар және технология жеткізушілермен ынтымақтастыққа мүдделі екенін мәлімдеді.

Экологиялық білім беру және мәдениет қалыптастыру

Министр А. Қуантыров Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Салим бин Мухаммед Әл-Маликпен кездесуінде Қазақстанда экологиялық білім беру мен мәдениетті дамыту мәселелерін талқылады. Министр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі бағыттарын таныстырып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру жайын атап өтті. Тараптар экологиялық ағарту, мамандар даярлау, ғылыми тәжірибе алмасу және жастар бастамаларын қолдау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.

Жасыл технологиялар және инновациялар

Күннің маңызды оқиғаларының бірі – «Таза технологиялар саласындағы инновацияларды дамыту жөніндегі жаһандық бағдарлама: ұлттық жетістіктен өңірлік климаттық әсерге дейін» атты халықаралық сессия болды. Оған Орталық Азия елдері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) өкілдері қатысты. Министр GCIP жаһандық инновациялар бағдарламасының Қазақстандағы нәтижелерін таныстырды. Бұл бағдарлама аясында су технологиялары, цифрлық экологиялық мониторинг және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 100-ге жуық стартап қолдау тапты.

Сессия аясында Орталық Азияның жасыл акселерация платформасының тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл бастама экологиялық технологияларды енгізу және оларды өңірлік нарықтарға шығару мақсатында стартаптарды, ғылыми ұйымдарды, кәсіпорындар мен инвесторларды біріктіруге бағытталған.

Волонтерлерді марапаттау

Қазақстанның Ұлттық павильонында іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан волонтерлерге марапаттар табысталды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button