Қоғам

Stadler вагондары бар пойыз алғаш рет Нұрлы жол – Алматы бағытына шықты

11 қараша күні «Нұрлы жол» вокзалынан Швейцарияның Stadler компаниясы технологиясымен жасалған жаңа жолаушылар пойызы алғаш рет жолға шықты. Бұл пойыз №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағыты бойынша күн сайын қатынайды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жаңа Stadler вагондары жолаушылар тасымалы саласын жаңғыртуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы теміржол тасымалын қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Пойыз паркін жаңарту мемлекеттік көлік саясатының басым бағыттарының қатарында.

Stadler вагондарының ерекшеліктері қандай?

Жаңа Stadler вагондары Қазақстанның ауа райына бейімделген және –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада жұмыс істей алады. Әр вагонның қызмет ету мерзімі – 40 жыл. Купе вагондары 40 адамға, плацкарт вагондары 58 адамға арналған.

Жолаушылар үшін климат-бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалар, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға да арнайы жағдай жасалған. Пойыз құрамында вагон-буфет бар.

Жаңа пойыздар қашан және қайда жолға шығады?

Stadler вагондары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолаушылар пойыздарын жаңарту аясында енгізілуде. Келісімшартқа сай, 2030 жылға дейін сервистік қызметпен бірге 557 вагон жеткізіледі. Қазіргі таңда 100-ден астам Stadler вагоны қабылданған.

Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша жолға шығады. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button