Экономика

Ресейден жеткізілген 605 мың жұмыртқа заңбұзушылыққа байланысты кері қайтарылды

«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейдің Самара облысынан Қызылорда облысына әкелінген тауық жұмыртқаларын тасымалдау кезінде талаптардың бұзылғаны анықталды. Барлығы 605 мың дана жұмыртқа тиелген екі жүк көлігінің сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмалары болмаған.

Анықталған заңбұзушылыққа байланысты екі көлік те Ресейге кері қайтарылды. Жүк жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынғаны хабарланды.

Ветеринариялық талаптар түсіндірілді

Тасымалдаушыларға Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық-санитариялық нормалары түсіндірілді. Оларға Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімінде көрсетілген талаптар жеткізілді.

Жыл басынан бері 294 заңбұзушылық тіркелген

2024 жылдың басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде барлығы 294 заңбұзушылық анықталды. Осының нәтижесінде 294 автокөлік кері қайтарылып, 147 адамға әкімшілік шара қолданылған.

Министрлік талаптарды қатаң сақтауға шақырды

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын және жүк тасымалдаушыларды Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Өнімнің дұрыс таңбалануы, ветеринариялық құжаттардың рәсімделуі және тасымалданатын тауардың белгіленген нормаларға сәйкес болуы – мемлекеттік шекарадан заңды өткізу мен елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттары екені атап өтілді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button