Қазақстан мен Германия экология және климаттық саясат бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Германияның Қазақстандағы елшісі Хайке Ренате Пайчпен кездесті. Кездесуде екі елдің қоршаған ортаны қорғау, климаттық саясат және орнықты даму саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері сөз болды.
Тараптар БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындық барысын егжей-тегжейлі талқылады. Сонымен қатар, COP28 аясында қабылданған энергетика секторында қазба отынынан біртіндеп бас тарту жөніндегі шешімнің маңызы атап өтілді.
Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп климаттық тұрақтылық, жер ресурстарын тиімді пайдалану, жаңартылатын энергия, энергия үнемділігі, жасыл сутегі өндірісі және Арал өңірін экологиялық дамыту бағыттарындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан бастамашы болған Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру және Пржевальский жылқысын табиғи ортасына қайтару жұмыстары сөз болды.
Каспий теңізін қорғау бойынша да өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Кездесу соңында тараптар экология және климат саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін білдірді.
Дереккөз: gov.kz



