Білім

Қазақстанда кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар 6,9%-ға азайды

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы 9 айында кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 6,9%-ға азайды. Мұндай оң үрдіс Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында анық байқалады.

Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары

Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдіруді жалғастырып келеді. Негізгі назар құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға, тәуекелдерді ерте анықтауға және жасөспірімдерге жеке қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мән берілуде.

Министрлік өкілдері өңірлерде мониторинг жүргізіп, профилактикалық жұмыстардағы олқылықтарды анықтап, оны жетілдіру бағыттарын айқындап жатыр.

Мектептерде жаңа курстар енгізілді

2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін дамыту үшін міндетті курстар енгізілді. 5-7 сыныптарға арналған «Конституция негіздері» пәні оқушыларды азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерімен таныстырады, заңға және мемлекеттік органдарға құрмет қалыптастырады.

8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп» курсы оқытылады. Бұл пән құқықтық сананы дамытуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жеке жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Алдағы шаралар мен заңнамалық негіз

Жаңа профилактикалық жұмыстар 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң аясында жүзеге асады. Бұл бағытта тәуекелдерді ерте анықтау, кәмелетке толмағандарға атаулы қолдау көрсету және заңға сай мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру басты қағидат болмақ.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button