Астанада есірткіге қарсы ЖИ жүйесі таныстырылды: бір аптада 421 материал анықталды
Астанада есірткі ресурстарын анықтап, бұғаттауға арналған жасанды интеллект жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе интернет кеңістігін автоматты түрде бақылап, заңсыз мазмұнды жинақтап, сарапшыларға ұсынады. Жиын барысында жастарға бағытталған профилактикалық жұмысты тиімді жүргізу жолдары да талқыланды.
Жаңа жүйенің мүмкіндіктері
Бағдарлама интернеттегі жария жазбалармен қатар, түрлі қауымдастықтар, жабық чаттар мен боттарды да талдауға қабілетті. Жүйе интернеттен есірткіге қатысты деректерді автоматты түрде жинайды, оларды сараптап, бұғаттауға жіберу үшін материал дайындайды. Сарапшылар соңғы шешімді қабылдап, ресурстарды бұғаттау туралы ұйғарым жасайды.
Жүйе тек ашық мәліметтерді ғана емес, пайдаланушылардың белсенділігін, сұранысқа ие есірткі түрлерін және заңсыз нарықтағы үрдістерді де көрсетеді. Мысалы, бір тәулікте 79, бір аптада 421, бір айда 2 мыңнан астам есірткіге қатысты материал анықталған. Бұл деректер әлі бұғатталмаған контенттерге қатысты.
Профилактикалық шаралар және құқық бұзушылықтар статистикасы
Отырыста нашақорлықтың алдын алуға бөлінетін қаражаттың тиімділігі мен нақты іс-шаралардың әсері де талқыланды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өкілдері формалды шаралардан бас тартып, жастарға арналған мазмұнды және тиімді профилактика қажет екенін атап өтті.
Мектеп оқушылары мен студенттерге ерекше назар аудару ұсынылды, себебі бұл топтар есірткінің заңсыз айналымына көбірек ұшырайды. Полиция дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 884 құқық бұзушылық тіркелген, 359 қылмыстық іс қозғалған, ал 10 жағдайда кәмелетке толмағандар қатысқан.
Дереккөз: gov.kz



