Астанада отандық кинопрокатты ілгерілету жолдары талқыланды
Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде Kinopark, Kinoplexx, CinemaMax және басқа да кинотеатрлар желілерінің өкілдерімен жұмыс отырысы өтті. Жиында отандық кинопрокатты дамыту, көрермендерге фильмдерді көру мүмкіндігін кеңейту және мемлекет пен кино саласы арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері сөз болды.
«Е-кино» жүйесін жетілдіру қолға алынды
Кездесу барысында кинопрокатты цифрлық форматта есепке алу мен бақылауға арналған «Е-кино» ақпараттық жүйесінің жұмысына баса назар аударылды. Тараптар жүйені жетілдіру, кинокөрсетілімдер туралы деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы мәселелерді талқылады.
Қазақ тіліндегі фильмдердің қолжетімділігін арттыру ұсынылды
Сонымен қатар, заңнама талаптарын сақтау, көрермен талғамын ескеру және қазақ тіліндегі фильмдердің қолжетімділігін арттыру жайы көтерілді. Кинотеатр желілерінің өкілдері өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын жеткізді және уәкілетті органмен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.
Бірлескен жұмыс жалғасады
Кездесу соңында тараптар отандық кинопрокатты дамыту және киноөнімдердің халыққа қолжетімділігін арттыру үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Дереккөз: gov.kz



