Білім

Қызылордада 67 мыңнан астам оқушы экологиялық мәдениет пен су үнемдеуге үйренуде

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Қызылорда облысында мектеп оқушылары мен жастардың экологиялық мәдениеті мен су ресурстарын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Облыста іске асырылып жатқан «Су және білім» жобасына 55 білім беру ұйымынан 67 мыңнан астам бала мен жас тартылды.

Жоба аясында 1 773 педагог қатысып, 2 843 интерактивті сабақ өткізілді. Сонымен қатар, 55 мектепте арнайы су клубтары құрылып, 4 876 экологиялық жоба жүзеге асырылды. Бұл шаралардың нәтижесінде оқушылардың суды үнемдеу бойынша білім деңгейі 48,8%-дан 93%-ға дейін өсті.

Педагогтерге қолдау және жаңа білім ресурстары

Мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету үшін «Су сандығы» атты білім беру ресурсы әзірленді. Бұл құрал 17 тақырыптық бөлімнен, интерактивті тапсырмалар мен практикалық материалдардан тұрады.

Республикалық семинар және тәжірибе алмасу

29–30 қазан күндері Қызылорда қаласында білім беру арқылы экологиялық мәдениет пен су үнемдеуді дамытуға арналған республикалық семинар өтуде. Семинарға еліміздің 20 өңірінен 250-ден астам білім саласының өкілі қатысып, үздік тәжірибелерін бөлісуде.

Шара барысында қатысушылар оқушылардың зерттеу жобаларын, су үнемдеу технологияларын және экологиялық бастамаларды таныстырды. Қызылорда облысының тәжірибесін басқа аймақтарға тарату мен мектептік су клубтарының желісін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.

Жобаны ұйымдастырушылар мен қолдау көрсетушілер

Іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Қазақстандағы ЮНИСЕФ, Қызылорда облысының әкімдігі және әріптес ұйымдар бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның қаржылық қолдауын Француз даму агенттігі (AFD) қамтамасыз етті.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button