Экономика

Қазақстанда құрылыс салушыларды бағалаудың жаңа рейтингтік моделі енгізілді

2026 жылғы 10 қазаннан бастап тұрғын үй құрылысы жобаларына кепілдік беру шарттарын қарау қағидаларына енгізілген, құрылыс салушылар мен жобаларды бағалау рейтингтік моделінің жаңа нұсқасы күшіне енеді. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 25 қыркүйекте бекіткен № 478 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ енді үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру өтінімдерін осы жаңартылған рейтингтік модель бойынша қарайды. Жаңа модель құрылыс жобаларының бағалау процесін ашық әрі объективті етіп, тәуекелге бағдарланған тәсілді күшейтеді және шешім қабылдауда бірыңғай стандарттарды қамтамасыз етеді.

Бағалау қандай көрсеткіштерге сүйенеді

Жаңартылған модельде құрылыс салушының қаржылық жағдайы, жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі, жеке қаржылық қатысу деңгейі, төлем тәртібі, жобаның коммерциялық тартымдылығы мен тұрақтылығы секілді негізгі факторлар ескеріледі. Бағалау екі топқа бөлінеді:

  • Қаржылық көрсеткіштер: құрылыс салушының қызметінің және меншікті капиталының рентабельділігі, ағымдағы өтімділігі мен қаржылық тәуелсіздігі.
  • Сапалық және жобалық көрсеткіштер: құрылысты аяқтау тәжірибесі, бұрын берілген кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындау тарихы, жобаны қаржыландыруға қатысуы, төлем тәртібі, құрылыс құнының негізділігі мен баға саясаты, жобаның тұрақтылығы.

Жаңартылған модельдің ерекшеліктері

Бағалау нәтижесінде құрылыс салушы мен оның жобасының тәуекел деңгейін сипаттайтын жиынтық рейтингтік балл қалыптасады. Кепілдік жарна мөлшерлемесін қолдану үшін құрылыс салушы кемінде 50 балл жинауы тиіс.

Жаңа модельдің маңызды тұсы – құрылыс салушылар көрсеткіштерге өздері ықпал ете алады. Мысалы, жобадағы өз қаражатының үлесін көбейту, қаржылық тұрақтылықты арттыру, сәтті аяқталған нысандар бойынша тәжірибесін көрсету, құжаттаманы жаңарту бағалау нәтижесін жақсартуға сеп болады.

Жаңа тәсілдің артықшылықтары

Бұл тәсіл құрылыс салушыларға бағалау шарттарын жақсы түсінуге, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және жобалардың орнықтылығын арттыруға жағдай жасайды. Жекелеген тәуекел факторлары кепілдік беруден бас тартуға автоматты түрде себеп болмайды – шешім жобаны кешенді талдау нәтижесінде қабылданады.

Жаңартылған рейтингтік моделді енгізу құрылыс жобаларын бағалау сапасын арттыруға, шешімдердің бірізділігі мен болжамдылығын қамтамасыз етуге және құрылыс салушылардың қаржылық тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл үлестік тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесін жетілдіріп, аяқталмаған құрылыс тәуекелдерін азайтуға және үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button