Republic Day және Bereke Fest акцияларында қандай үнем жасауға болады
Қазақстанда Республика күніне орай өтіп жатқан Republic Day және Bereke Fest акциялары жалғасып жатыр. Бұл шараларға еліміздің барлық өңіріндегі сауда орталықтары, сауда үйлері мен дүкендер қатысуда. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық химия, техника және басқа да тауарларға арнайы баға ұсынылуда. Кейбір тауарларға жеңілдіктер 50 пайызға дейін жетеді.
Астанада азық-түлік бағасы қаншаға төмендеді
Bereke Fest акциясы кезінде елордадағы күнделікті азық-түлік тауарларына жеңілдіктер беріледі. Мысалы, күнбағыс майы – 1 349 теңгенің орнына 889 теңге, 400 грамм макарон – 499 теңгенің орнына 329 теңге, 30 дана жұмыртқа – 2 134 теңгенің орнына 1 619 теңге. Осы үш өнімді бірге алғанда, жеңілдіксіз баға 3 982 теңге болса, акция кезінде 2 837 теңге болады. Яғни, 1 145 теңге немесе 29 пайыз үнемдалады.
Тұрмыстық тауарларға жеңілдіктер
Тұрмыстық химия өнімдеріне де жеңілдіктер қарастырылған. Астанада кір жуғыш ұнтақ (5,5 кг) – 10 239 теңгенің орнына 5 599 теңге, кір жуатын гель (2,145 л) – 10 865 теңгенің орнына 7 389 теңге, ыдыс жууға арналған сұйықтық (900 мл) – 1 977 теңгенің орнына 1 679 теңге, сабын – 669 теңгенің орнына 469 теңге. Төрт өнімнің жалпы құны жеңілдіксіз 23 750 теңге болғанда, акция кезінде 15 136 теңге. Бұл жағдайда сатып алушы 8 614 теңге немесе 36 пайыз үнемдейді.
Алматыда маусымдық киімге арналған жеңілдіктер
Republic Day акциясы аясында Алматыда күзгі маусымдық киімдер арзандатылған. Мысалы, маусымаралық күртеше – 39 990 теңгенің орнына 25 990 теңге, джинсы шалбар – 19 990 теңгенің орнына 13 990 теңге, әйелдер жемпірі – 16 990 теңгенің орнына 10 190 теңге, худи – 17 990 теңгенің орнына 10 790 теңге, балалар спорттық костюмі – 24 990 теңгенің орнына 13 740 теңге. Бұл бес тауардың жалпы жеңілдіксіз құны 119 950 теңге болса, акция кезінде 74 700 теңгеге дейін төмендейді. Үнемдеу – 45 250 теңге немесе 38 пайыз.
Өңірлерде жеңілдіктер қалай жүзеге асып жатыр
Арнайы жеңілдіктер елдің басқа өңірлерінде де қолданылады. Мысалы, Шымкентте тұрғындарға киім-кешек, аяқкиім, балалар тауарлары мен тұрмыстық техника арзандатылған бағамен ұсынылып жатыр. Атырау облысында жекелеген дүкендерде жеңілдіктер 50 пайызға дейін барады. Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс материалдары мен үйге арналған тауарлардың бағасы төмендеген. Ұлытау, Батыс Қазақстан, Павлодар және басқа облыстарда азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарларға жеңілдіктер бар. Өңірлерде маусымдық киім, аяқкиім, азық-түлік, тұрмыстық химия және электроника өнімдеріне сұраныс жоғары.
Republic Day және Bereke Fest акциялары қашанға дейін жалғасады
Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 17–27 қазан аралығында өтеді. Жеңілдіктердің көлемі мен шарттары әр дүкен мен өңірге байланысты өзгереді. Ұсынылған үнемдеу мөлшері – нақты сауда орындарынан алынған мәліметтерге негізделген.
Дереккөз: gov.kz



