Қазақстанда «Ауыл құтқарушыларының» 301-ші өрт сөндіру бекеті ашылды
Жетісу облысының Көксу ауданындағы Көксу станциясында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл бекет республика бойынша осы бағдарлама аясында ашылған 301-ші нысан саналады.
Ашылу рәсіміне Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов, жергілікті тұрғындар және гарнизон қызметкерлері қатысты. Жаңа өрт сөндіру бекеті Мұқаншы, Қазақстанның 50 жылдығы, Жетіжал, Надризбек ауылдары мен Көксу станциясын қамтиды. Бұл елді мекендерде барлығы 4 115 адам тұрады.
Бекет қажетті өрт сөндіру техникасымен жабдықталды. Жергілікті билік жеке құрамның демалуы үшін тұрмыстық жағдайлар жасаған. Жаңа нысанның ашылуы өрт және басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге, оқиға орнына қысқа уақытта жетуге мүмкіндік береді. Осылайша, бес ауылдың тұрғындарының қауіпсіздігі сенімді түрде қамтамасыз етіледі.
Дереккөз: gov.kz



