Republic Day және Bereke Fest акцияларында қазақстандықтар қандай тауарларды көптеп сатып алуда
Қазақстанда Республика күніне орай өтетін Republic Day және Bereke Fest акциялары 17-27 қазан аралығында жалғасып жатыр. Бұл шараларға еліміздің барлық өңіріндегі 649 сауда нысаны қосылды: 232-сі Republic Day, 417-сі Bereke Fest акциясына қатысады. Сауда орындары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға жеңілдіктер ұсынуда, кейбір дүкендерде жеңілдік мөлшері 50%-ға дейін жетеді.
Маусымдық киім мен аяқкиімге сұраныс жоғары
Өңірлердің мәліметіне сәйкес, акция кезінде сатып алушылар күзгі-қысқы маусымдық киімдер мен аяқкиімге ерекше қызығушылық танытып отыр. Әсіресе маусымаралық күртелер, пальто, джинсы шалбар, жемпірлер, спорттық костюмдер және аяқкиім көп сатылады. Алматыда күртелердің бағасы 39 990 теңгеден 25 990 теңгеге, джинсы шалбарлар 19 990 теңгеден 13 990 теңгеге, балалар спорттық костюмдері 24 990 теңгеден 13 740 теңгеге дейін төмендеген. Астанада балалар күртелері мен парфюмерияға 40%-ға, аяқкиімнің кейбір түрлеріне 50%-ға дейін жеңілдіктер бар. Басқа өңірлерде де киім мен аяқкиімге, аксессуарларға 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдіктер ұсынылған. Шымкентте өткен аймен салыстырғанда киімнің сатылымы 18%-ға, аяқкиім 16%-ға, аксессуарлар 15%-ға өскен.
Азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға қызығушылық
Bereke Fest акциясы аясында азық-түлік пен тұрмыстық тауарларға сұраныс жоғары. Күнбағыс майы, ұн, қант, жарма, сүт өнімдері және жұмыртқа ең көп сатылатын тауарлар қатарында. Ұлытау облысының супермаркеттерінде сатылым көлемі 20%-ға артқан. Алматы облысында Magnum, Small және Toimart желілерінде сүт өнімдері, макарон, күнбағыс майы мен кондитерлік өнімдерге жеңілдіктер бар. Бұл өңірде акцияға қатысушы сауда орындарының тауар айналымы 20–25%-ға көбейген. Павлодар облысында күнбағыс майы, қант, ұн, жұмыртқа, күріш, қарақұмық жармасы көп өтуде, жеңілдіктер 50%-ға дейін жетеді.
Тұрмыстық химия мен балалар тауарларына сұраныс артты
Сатып алушылар тұрмыстық химия, жеке гигиена құралдары мен балаларға арналған өнімдерді де белсенді түрде алуда. Астанада кір жуғыш ұнтақтарға 45%-ға, кір жуу гельдеріне 32%-ға, ыдыс жуғыш құралдарға 30%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Шымкентте өткен аймен салыстырғанда жөргектердің сатылымы 25%-ға, балалар тағамдары 30%-ға, сұйық сабын 15%-ға артқан. Қарағанды облысында да тұрмыстық тауарлар сатылымы өскен: кір жуу гельдері 20%-ға, сұйық сабын 18%-ға көп сатылды.
Тұрмыстық техника мен электроникаға жеңілдіктер
Republic Day акциясы шеңберінде сатып алушылар тұрмыстық техника, электроника және үйге қажетті тауарларды да жиі сатып алуда. Алматы облысында тұрмыстық техниканың кейбір түрлеріне 30%-ға дейін жеңілдіктер бар.
Мерекелік жеңілдіктер 27 қазанға дейін
Republic Day акциясы сауда және ойын-сауық орталықтарын, Bereke Fest сауда желілерін қамтиды. Акцияларға қазақстандық маркетплейстер де қосылды. Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, акцияларды үйлестіруде. Мерекелік жеңілдіктер 27 қазанға дейін жалғасады, нақты жеңілдік мөлшері мен тауарлар тізімін әр сауда нысаны өздігінен белгілейді.
Дереккөз: gov.kz

