Қазақстан мен Германия көпжақты ынтымақтастық бойынша саяси консультациялар өткізді
2026 жылғы 20 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрліктері арасында көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша саяси консультациялар өтті. Делегацияларға Германия тарапынан Федералдық сыртқы істер министрлігінің Жаһандық тәртіп, БҰҰ және гуманитарлық көмек департаменті басшысының орынбасары Михаэль Гайслер, Қазақстан атынан Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов жетекшілік етті.
БҰҰ реформасы мен халықаралық ынтымақтастық мәселелері
Кездесу барысында тараптар БҰҰ-80 бастамасы, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын іске асыру, халықаралық қауіпсіздік пен адам құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың сайланбалы органдарына кандидатураларды өзара қолдау жайы қаралды.
Өңірлік жобалар мен Қазақстан бастамалары
Қазақстан делегациясы өңірлік ынтымақтастықты күшейту және Орнықты даму мақсаттарына жету жөніндегі өз ұстанымын таныстырды. Әсіресе Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы мен БҰҰ ЭСКАТО-ның Орнықты даму үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығының қызметі сөз болды.
Экология, су ресурстары және басқа да бағыттар бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру, халықаралық еріктілер жылын ілгерілету және алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі жаһандық коалицияны дамыту бастамаларына ерекше назар аударылды. Германия тарапына осы коалиция жұмысына қосылу ұсынылды.
Халықаралық гуманитарлық құқықты нығайту
Кездесуде халықаралық гуманитарлық құқықты күшейту мәселелері де көтерілді. Соның ішінде Қазақстан бастамашысы болып табылатын Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастама аясындағы ынтымақтастық талқыланды.
Дереккөз: gov.kz


