Қазақстанда 377 км жылу желісі күрделі жөндеуден өтті
Қазақстанда жылыту маусымының барысы Энергетика министрлігінде өткен Республикалық штаб отырысында қаралды. Жиынға өңір әкімдіктері, ірі энергетикалық кәсіпорындар мен көмір жеткізуші ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жылу желілерін жөндеу аяқталды
Биыл еліміздің барлық 18 өңірінде жылыту маусымы жоспарға сай басталды. Электр және жылу желілеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция, 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.
Сонымен қатар, 377 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар негізінен Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жүргізілді.
Көмір қоры мен жабдықтар дайындығы
Энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында қазіргі уақытта 5,7 млн тонна көмір мен 130 мың тонна мазут бар. Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың алдағы маусымға қажеттілігі 7,3 млн тонна көмір деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта 3,5 млн тонна көмір дайындалған.
Электр станцияларындағы жабдықтардың басым бөлігі жылыту маусымына дайын. 8 энергияблок, 47 қазандық және 31 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. 2026 жылға дейін 9 энергияблок, 55 қазандық және 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Көмір жеткізу мен баға бақылауы күшейтілді
Жиында көмірді үздіксіз жеткізуді және бағаның негізсіз өсуін болдырмау қажеттігі айтылды. Бұл ретте көмір тұйықтарының жұмысын күнделікті бақылау тапсырылды.
Энергетикалық нысандарды бақылау
Отырыс қорытындысында Комитет төрағасы Ернар Хасенов энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді, технологиялық ақауларды жедел жоюды және жылу желілеріндегі температуралық режимнің сақталуын тапсырды. Жылыту маусымының тұрақты өтуі мен халықты сенімді энергиямен жабдықтау ерекше бақылауда болады.
Дереккөз: gov.kz


