Қоғам

Медициналық-әлеуметтік сараптамаға электронды кезек: жазылу тәртібі

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізіп жатыр. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Министрлік әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмысын жалғастыруда.

Электронды кезектің арқасында азаматтарға кезекте ұзақ күтудің қажеті болмайды.

Электронды кезек қай өңірлерде жұмыс істейді

Жоба алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін сервис Алматы қаласында да енгізілді.

2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке қалай жазылуға болады

Жазылу Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жүзеге асады. Ол үшін мынадай қадамдарды орындау керек:

  1. Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіру.
  2. Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдау.
  3. Өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілеу.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

SMS-хабарлама мен жазылуды өзгерту мүмкіндігі

Жазылу сәтті аяқталған соң азаматтың телефон нөміріне SMS-хабарлама келеді. Онда МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетіледі. Қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болса, азамат Жеке кабинет арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстыра алады. Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады, бұл туралы да хабарлама жіберіледі.

Сервис барлық өңірге енгізіле ме

Электронды кезек сараптамадан өтуді жеңілдетіп, күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоба екі өңірде іске асырылғаннан кейін оның нәтижелері сараланады. Содан кейін электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button