Басты жаңалықтарҚоғам

БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық зейнетақы төлемі 39 мың теңгеден асты

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) зейнет жасына толуына байланысты төленетін орташа айлық төлем 39 008 теңгені құрады.

Қордың мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 28,47 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,36 трлн теңгеге немесе 13,4%-ға көп.

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ көлемі 26,37 трлн теңгеге жетті. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақ 746,13 млрд теңгені, ал ерікті жарналар есебіндегі қаражат 10,43 млрд теңгені құрады.

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат бір жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайып, 1,35 трлн теңгеге жуықтады.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында салымшылардың зейнетақы шоттарына 2,44 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,9%-ға артық. Осы кезеңде есептелген таза инвестициялық кіріс 1,2 трлн теңгеге жуықтады.

Қаңтар-тамыз айларында БЖЗҚ-дан жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдардың жалпы көлемі 1,24 трлн теңгені құрады. Оның ішінде зейнет жасына толған азаматтарға 196,23 млрд теңге төленді.

Сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында 462,75 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 70,61 млрд теңге берілді. Сақтандыру ұйымдарына 470,49 млрд теңге аударылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button