Елордалық кәсіпорындар: өндірісте инновация мен сапа көрсетілді

Астанадағы №1 Индустриялық парк аумағында журналистерге заманауи өнеркәсіп нысандарының жұмысы көрсетілді. Шараны Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырғаны туралы ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық кәсіпорындардың өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін көрсету, инновациялық технологияларды насихаттау және бизнес пен БАҚ арасындағы өзара байланысты күшейту болды.
Пресс-тур барысында журналистерге «Тау-Кен Алтын» және «TAZAU» зауыттарының өндірістік процестері таныстырылды.
«Тау-Кен Алтын» – еліміздегі алтынды аффинаждаумен айналысатын ең ірі кәсіпорын. Зауыт «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ құрылымына кіреді, 2013 жылы ашылып, сол жылдың желтоқсан айында алғашқы өнімін шығарған. Техникалық директор Зекаил Түлібаевтың айтуынша, кәсіпорын алтыны бар шикізатты қабылдаудан бастап халықаралық сапа стандарттарына сай банктік алтын құймалары мен түйіршіктерін өндіруге дейінгі аффинаждың толық циклін жүзеге асырады.
Зауытта 80 жоғары білікті маман еңбек етеді және өндіріс заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зекаил Түлібаевтың сөзіне сәйкес, өткен жылы кәсіпорын 56 тонна тазартылған алтын және 6 тонна тазартылған күміс шығарған.
«TAZAU» тазарту құрылыстары зауыты – елорда өндірістік картасындағы жаңа нысан, ол елорда күні қарсаңында пайдалануға берілді. Зауыттың бас директоры Андрей Беляев хабарлағандай, биыл жыл соңына қарай толық өндірістік қуатты іске қосуды жоспарлап отыр, ал осыға дейін Қазақстан бойынша мыңға жуық жоба іске асырылған.
«TAZAU» блокты-модульді тазарту құрылыстарын, жергілікті тазарту жүйелерін, кәріздік тазарту құрылыстары мен кәріз сорғы станцияларын өндіруге маманданған. Құрылымның басты ерекшелігі – блокты-модульдердің полипропиленнен жасалуы, ол мамандар айтуынша беріктігі мен ылғалға төзімділігі бойынша дәстүрлі темірбетоннан әлдеқайда жоғары.
Пресс-тур барысында таныстырылған кәсіпорындар елорданың өнеркәсібі мен экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырғаны жайлы қорытынды жасалды.



