Еңбек министрлігі мен ХЕҰ еңбек құқықтарын қорғау және ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаев пен Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының орынбасары Эммануэль Жульеннің кездесуі өтті. Жиында тараптар еңбек құқықтарын қорғау, лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасының іске асырылуы және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын қарастырды.
Жол картасын іске асыру және негізгі бағыттар
Кездесуде Қазақстандағы Жол картасының орындалуы, еңбек заңнамасын жетілдіру және еңбекті қорғау саласындағы мамандарды даярлау мәселелері талқыланды. Жол картасы мынадай басым бағыттарды қамтиды:
- еңбек инспекциясы арқылы жұмыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- әлеуметтік диалогты дамыту және бірлесу бостандығын ілгерілету;
- ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу;
- әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау;
- еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою.
ХЕҰ өкілдері Жол картасының жүзеге асуына оң баға беріп, әсіресе ең төменгі жалақы, еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлерді қудалаудан қорғау бағытында ілгерілеу барын атап өтті.
Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері
Тараптар әлеуметтік диалогты дамыту, әлеуметтік әріптестік институтын нығайту және халықаралық еңбек стандарттарын енгізу бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Министр Асқарбек Ертаев мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысын жетілдіру туралы ұсыныстарды таныстырды. Оның ішінде еңбек заңнамасының сақталуын бақылау тәртібін Еңбек кодексінде бекіту жоспары айтылды. Бұл өзгерістер жұмыскерлердің құқықтарын жедел қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Елдік бағдарлама мен оқыту жобалары
Кездесуде Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау, еңбек қауіпсіздігі, цифрландыру мен жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері бағытындағы ықтимал жобалар талқыланды. Тау-кен өндірісіндегі еңбекті қорғау бойынша бірлескен жобаның нәтижелері және мемлекеттік еңбек инспекторларын, кәсіпорын мамандарын оқыту бағдарламалары қарастырылды. Бұл оқыту өндірістік тәуекелдерді алдын ала анықтау мен қауіп-қатерді басқару дағдыларын дамытуға бағытталған.
Келешекте кеңейтілген кездесу өткізу жоспарлануда
Кездесу қорытындысында Жол картасын әрі қарай жетілдіру және Лайықты еңбек жөніндегі Елдік бағдарламаны әзірлеу мәселелерін талқылау үшін барлық әлеуметтік әріптестердің қатысуымен кеңейтілген кездесу өткізу ұсынылды.
Дереккөз: gov.kz



