Басты жаңалықтар
Trending

Каппадокияда Кавалерия мәдениеті мен жылқылар фестивалі басталады

Ертегідей перизаттар мұржаларымен (пери баджалары), үңгір-қонақ үйлерімен, жерасты қалаларымен және таң шапағымен бірге аспанға көтерілетін әуе шарларымен әлемге танымал Каппадокия өлкесі жаңа ауқымды шараны қабылдауға дайындалуда. 2025 жылы 4,5 миллионнан астам туристі қабылдап, Түркияның мәдени туризмдегі көшбасшылығын бекемдеген Каппадокия өзінің бірегей ландшафтымен ғана емес, шынайы жергілікті дәстүрлерімен де ерекшеленеді.

Тарих қойнауында «Ғажайып тұлпарлар мекені» деген атпен қалған Каппадокия өзінің осы бай кавалериялық мұрасын жаңғыртпақ. Үстіміздегі жылдың 3–5 шілдесі аралығында Гөреме фестиваль алаңында көптен күткен ІІ Каппадокия жылқы және ат мәдениеті халықаралық фестивалі (2nd Cappadocia Horse and Equestrian Culture Festival) жалауын желбіретеді.

Ат мәдениеті мен мұрасына арналған үш күн

Адам мен тұлпар арасындағы ғасырларға созылған тылсым байланысты ұлықтайтын бұл думанды шара үш күнге созылады. Фестиваль бағдарламасында түрік және шетелдік шабандоздардың қатысуымен өтетін заманауи және дәстүрлі ат шоулары, ат үстінен садақ ату, ат спорты ойындары мен бәйге түрлері қамтылған.

Көрермендер алаңынан тыс жерде ат мәдениетінің өркениеттер тарихындағы орны мен эволюциясын зерттейтін көрмелер, ғылыми панельдік пікірталастар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылады. Каппадокияның сиқырлы табиғаты аясында өтетін тірі дауыстағы концерттер мен музыкалық бағдарламалар мерекелік атмосфераны еселей түспек. Сонымен қатар, келушілер үшін атпен серуендеу соқпақтары, балаларға арналған ойын аймақтары, дәстүрлі «жирит» (ат үстінде найза лақтыру) ойыны және жылқылардың сұлулық байқауы сияқты қызықты шаралар қарастырылған.

ат үстінде найза лақтыру

Фестиваль қонақтары бұл күндері мәдениет пен спорттан бөлек, жақында ғана MICHELIN гидіне еніп, халықаралық деңгейде танылған Невшехир аймағының төл асханасымен танысып, атақты Каппадокия шараптарынан дәм тата алады.

Каппадокия саяхатының басты құндылықтары

  • ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген атақты Гөреме ашық аспан астындағы мұражайын, жартастарға қашалған көне шіркеулер мен жұмбақ жерасты қалаларын аралаңыз.

  • Аймақты жаяу треккинг, велосипед турлары немесе қолөнер шеберханалары арқылы барлап, перизаттар мұржаларын аспан биіктігінен көрсететін әуе шарларымен ұшу бағдарламасына қатысыңыз.

  • Тарихи атмосфера заманауи жайлылықпен, премиум деңгейдегі спа-қызметтермен және жоғары деңгейлі сервиспен үйлескен люкс үңгір-қонақ үйлерде (cave hotels) түнеудің ғажап әсерін сезініңіз.

  • MICHELIN жұлдызына ие мейрамханаларда Анатолия асханасының бағалы тағамдарынан ауыз тиіп, өңірдің ғасырлық тарихы бар автохтонды шарап мәдениетімен танысыңыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button