Басты жаңалықтарСпорт
Trending

Астанада эстетикалық топтық гимнастикадан алғаш рет Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтті

Астанада эстетикалық топтық гимнастикадан алғаш рет Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтті. Ұлттық теннис орталығындағы BEELINE ARENA кешенінде өткен халықаралық жарысқа әлемнің он елінен келген үздік командалар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты екі жылда бір рет өткізіледі. Биыл беделді құрлықтық дода тарихта алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылды.

Жарысқа Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония, Жапония және Қазақстан командалары қатысты. Чемпионатқа спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен ресми делегация өкілдерін қосқанда жалпы саны 400-ден астам адам жиналды.

Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мадина Бектұрғанованың айтуынша, мұндай деңгейдегі турнирдің елордада өтуі ерекше маңызға ие.

«Астана эстетикалық топтық гимнастика бойынша осындай ауқымды жарысты алғаш рет өткізіп отыр. Шетелден келгендер елордамызды көріп, Қазақстанда спорттың қалай дамып жатқанын және мемлекет тарапынан балалар мен жасөспірімдер спортына, сондай-ақ бұқаралық спортқа қандай қолдау көрсетілетінін байқады», – деді ол.

Федерация басшысы Қазақстанның бұл турнирді өткізу құқығына бірнеше жылдық дайындық пен халықаралық іріктеуден сәтті өткеннен кейін ие болғанын атап өтті.

«Әлем кубогы мен Азия чемпионатын өткізу үшін федерация бірнеше жыл бұрын өтінім берген болатын. Кейін халықаралық федерацияға мүше елдер жарысты өткізетін орынды дауыс беру арқылы таңдады. Бұл таңдаудың Астанаға түсуі – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Мадина Бектұрғанова.

Астаналық «Самұрық» командасының мүшесі Әдия да өз әсерін былайша жеткізді:
«Өз еліміздің намысын туған қаламыз – Астанада қорғау біз үшін зор мақтаныш. Бұл үлкен құрмет әрі бізге қосымша күш берді. Осыған дейін Алматы маңындағы тауда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Дайындық оңай болған жоқ, бірақ барлық қиындықты еңсеріп, жарысқа жақсы дайындалдық», – деді спортшы.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі кезінде қонақтар мен қатысушыларға қазақ халқының дәстүрлері мен еліміздің халықаралық спорт аренасындағы жетістіктерін таныстыратын мәдени бағдарлама ұсынылды.

Айта кетейік, Әлем кубогы мен Азия чемпионаты басталар алдында елордада 93 команданың басын қосқан Astana Alan Cup халықаралық турнирі де өткен болатын.

Жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Эстетикалық топтық гимнастика халықаралық федерациясы (IFAGG), Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы ұйымдастырды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button