Астана IMEX Frankfurt 2026 іскерлік туризм жөніндегі ең ірі көрмеде ұлттық стендін таныстырды

Франкфурт-Майн қаласында 19-21 мамыр аралығында іскерлік туризм, кездесулер мен оқиғалық индустрия саласындағы ең ірі халықаралық көрмелердің бірі – IMEX Frankfurt 2026 өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 150 елінен шамамен 3 000 компания мен 15 000-нан астам адам қатысып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана көрмеге қазақстандық «Air Astana», «Empire Travel Kazakhstan», «Kompas» және «SkyWay» компанияларымен бірлесіп қатысып жатыр. Елорданың қатысуы қаланың туристік және іскерлік әлеуетін, заманауи инфрақұрылымын, қонақүй қорын, көлік қолжетімділігін және шетелдік қонақтарды қабылдау мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.
«Елордамызда ірі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесі жетерлік. Олардың қатарында Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының IFLA конгресі, Уолтер Денди атындағы Нейрохирургиялық қауымдастықтың дүниежүзілік конгресі, XV ISAAC конгресі, халықаралық PGL турнирі, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, халықаралық «Comic Con Astana» фестивалі, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съезі, сондай-ақ шетелдік делегациялар қатысқан өзге де форумдар, спорттық және мәдени іс-шаралар бар. Осы көрмеге қатысу Астананың халықаралық аудитория арасындағы танымалдығын арттыруға, қаланың іскерлік туризм мүмкіндіктерін таныстыруға және Қазақстанға халықаралық іс-шаралар өткізуге перспективалы бағыт ретінде қызығушылықты күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.
Қазақстан делегациясы бірқатар ірі халықаралық компаниямен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Франкфурт-на-Майн қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаевпен 150-ден астам кездесу өткізді.
Келіссөздер аясында үндістандық «JK Cement» компаниясы және Әзербайжанның «Azerbaijan Deposit Insurance Fund» ұйымының өкілдерімен кездесулер өтті. Тараптар Астанада корпоративтік көшпелі іс-шаралар өткізу мүмкіндігін қарастыруда.
Бразилиялық «Exqape» компаниясы Астананы бразилиялық аудитория үшін жаңа туристік бағыт ретінде қарастырып отыр. Сонымен қатар Кипрдегі ең ірі туроператорлардың бірі «Travelhouse» компаниясымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Ларнака – Астана жаңа тікелей әуе бағыты арқылы корпоративтік сектордың алғашқы инсентив-топтарының келуі жоспарланып отырғаны жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ биыл Нидерландтың Эйндховен қаласында өтетін World Breaking Classic брейкингтен әлем чемпионатын ұйымдастырушылармен меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушылар Астананы 2028 жылы 30 елден 1000-нан астам адамның қатысуы жоспарланған брейк-данс бойынша ең ірі іс-шараны өткізуге әлеуетті алаң ретінде қарастырып отыр.
Елорданы халықаралық салалық алаңдарда ілгерілету келу туризмін дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және Астананың өңірдегі негізгі іскерлік әрі туристік орталықтардың бірі ретіндегі имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.



