Басты жаңалықтарҚоғам

Шерзат Болат ісі бойынша сотталған екі адам өздерін ақтауды сұрады: сот қандай шешім шығарды

Кассациялық сот Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болат ісі бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметқа қатысты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды, деп жазады Nur.kz.

Кассасиялық соттың Telegram-дағы арнасында неліктен сот сот актілерін өзгеріссіз қалдырғанын түсіндірді.

Кассасиялық соттың мәліметінше, 2024 жылғы қазанда сотталғандар басқа тұлғалармен бірге топтық төбелеске қатысып, оның барысында екеуі де жәбірленушілерге күш қолданған. Тоқтаубаев пышақ сілтеп, тас лақтырған.

Алынған дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушілердің бірі есінен танып қалған. Осыны пайдаланып, Тоқтаубаев оның ұялы телефонын білдіртпей алып, жанжалға қатысқан басқа адамдармен бірге оқиға орнынан кетіп қалған.

Кассациялық шағымында Тоқтаубаев адамдарды ұрмағанын және пышақ қолданбағанын айтып, телефонды ұрлау фактісін жоққа шығарған. Ал Қалиахмет өз кезегінде ешкімге зиян келтірмегенін және ұрып-соғуға қатыспағанын мәлімдеген.

«Кассациялық сот іс материалдарын зерттей отырып, бұл уәждерді қабылдамай, екеуінің де басқа тұлғалармен бірлесіп әрекет еткенін, шабуыл жасаған топтың құрамында болғанын және төбелес кезінде белсенді әрекет еткенін көрсетті. Нәтижесінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды», — делінген хабарламада.

Хабарламада сотталғандар жазасын өтеп жатқаны айтылған. Тоқтаубаев бұзақылық және ұрлық жасағаны үшін 15 жылға, Қалиахмет бұзақылық үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button