Анталияның беймәлім мекендерін таныстыратын жаңа мини-сериал көрерменге жол тартты
Түркияның GoTürkiye ресми туристік порталы Анталияның жұмбақ та көркем жерлерін паш ететін «Hidden Lover» (Жасырын ғашық) атты үшінші жобасын ұсынды. Туынды аймақтың көпшілікке беймәлім, тылсым табиғатын жаһанға танытуды көздейді.
Танымал актерлер Эда Эже мен Жанер Джиндорук 10 бөлімнен тұратын «Hidden Lover» романтикалық комедиялық сериалында басты рөлдерді сомдайды.
Сериалдың сюжеті сәулетші Гүнештің қателесіп, жүргізуші деп ойлаған Денизбен бірге Анталияның жасырын шығанақтарын, көне қалаларын және Жерорта теңізінің ерекше дәмдерін аралап шығуынан басталып, күтпеген сезімдерге ұласады.

Бұл жоба арқылы GoTürkiye платформасы Анталияның көгілдір жағалауы, ежелгі өркениеттері мен табиғи шатқалдарын, сондай-ақ қаланың жыл бойғы саяхаттауға қолайлы әлеуетін жаһанға танытуды көздеп отыр. Сонымен қатар, платформаның бұған дейін шыққан «Antalya Gambit» және «İstanbul My Love» сериалдары халықаралық аудиториядан миллиондаған қаралым жинап, зор жетістікке жеткен еді.

Платформаның цифрлық жетістіктері туралы айта кеткен жөн. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында GoTürkiye YouTube арнасы 5,3 миллион жазылушыға жетіп, 763 миллионнан астам қаралым жинады.
Айта кетейік, GoTürkiye арнасы әлемдегі туризм платформалары арасында көш бастап тұр.






