
Түркиядан таралған және бүгінде ғаламшарды шарлаған баклава – жай ғана кондитерлік өнім емес, ол – шынайы ұлттық аспаздық шедевр.
Аса жұқа етіп жайылған қамырлары, сары алтындай жылтыр қыртысы және балдан да жеңіл шәрбатымен ерекшеленетін бұл десерт қазіргі таңда халықаралық сұранысқа ие. АҚШ, Еуропа және Жапония секілді елдердегі түрік тәттілерін сататын орындардың алдындағы ұзақ кезектер оның әлемдік беделінің айқын дәлелі.
Десе де, баклаваның нағыз керемет дәмін сезінудің ең дұрыс мүмкіндігі – оның туған жері Түркияда, әсіресе жыл сайын 17 қарашада аталатын Дүниежүзілік Баклава күнінде ғана оралады.

Османлы сарайынан бастау алған дәстүр
Қырық қабат юфкадан жасалатын, ішіне жаңғақ немесе фисташка қосылып, жұқа шәрбатпен тәттілендірілетін бұл десерт ғасырлар бойы Түрік асханасының басты жауһарларының бірі болып келеді. Оның тамыры ЮНЕСКО тізіміне енген юфка (қамыр жаю) дәстүрінен бастау алады. Османлы сарайының аспаздары қамырды «раушан жапырағындай» нәзік етіп жая білуді өз шеберліктерінің шыңы санаған.
Бүгінде Түркияда баклава – мереке, қонақ күту және отбасылық басқосулардың ажырамас бөлігі, яғни мейрамның символына айналған.
Баклаваның астанасы – Газиантеп құпиясы
Баклаваның ең мінсіз, классикалық нұсқасы Оңтүстік-Шығыс Анадолыдағы Газиантеп қаласында дайындалады. Бұл қала гастрономия саласы бойынша ЮНЕСКО-ның Шығармашылық қалалар желісіне кірген және оның баклавасы Еуропалық Одақтың (ЕО) географиялық көрсеткішін алған алғашқы түрік өнімі.
Газиантеп баклавасының сиқыры мынада:
- Қолмен созылған өте жіңішке қамыр;
- Атақты Антеп фисташкасының молдығы;
- Тек жергілікті сары май қолдану;
- Ағаш пештегі баяу пісіру процесі.
Нәтижесінде сырты сықырлаған, іші жұмсақ, тәтті болса да ауырлық сезімін тудырмайтын міндетті түрде дәмін татуға тұрарлық десерт шығады.

Әр өңірдің өз баклавасы: түрлерінің көптігі
Түркияның әр аймағында баклаваның өзіндік ерекше нұсқалары бар:
Пішініне қарай: Хавұч дилими (сәбіз тілімі), мидйе (құлақша), бұлбұл ұясы (бұлбұлдың ұясына ұқсас) сияқты түрлер;
- Қоспасына қарай: Қаймақ қосылған шөбият, шәрбат орнына сүтпен жасалатын сүтті нұрие;
- Тұтынуына қарай: Қытырлақ күйінде ұзақ сақтауға болатын құрғақ баклава;
- Жаңа тренд: Соңғы жылдары ерекше сұранысқа ие болған, жеңіл әрі салқын «суық баклава».
Баклава – Түркияның әлемге тарту еткен ең тәтті және мәдени мұрасының айқын көрінісі.



