Басты жаңалықтарМәдениет
Trending

Түрік сериалдарының жұлдыздары елорда төрінде: Астанада «Түрік киносы күндері» басталды

Астанада 26–30 қараша аралығында «Түрік киносы күндері» өтіп жатыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары заманауи түрік кинематографиясының алты таңдаулы туындысын қазақша субтитрмен тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

«Yerli Düşünce» қауымдастығы, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Кинематография бас басқармасы және Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестивальдің ашылуына танымал актерлер Рыза Коджаоглу («Шұңқыр»), Илай Еркөк («Жеңілтек») және Сезгин Ердемир («Қайта оралу: Ертұғырыл») арнайы келді.

Фото: Kazinforn агенттігі

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу түрік киносының әлемдік деңгейдегі рөліне тоқталды:

«Түрік киносы жаһандық танымалдылығының арқасында түрік тілі мен мәдениетін бүкіл әлемге танытуда. Осындай игі шараның жүзеге асуына еңбек сіңірген Гүндоғду мырзаға, министрлігімізге, Қазақстан мемлекетіне және барша қонақтарға алғыс білдіремін», – деді Елші.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай өз кезегінде бауырлас елге ерекше алғысын жеткізді:

«„Қорқыт ата“ кинофестиваліне қатысқан фильмімізге берген жоғары бағаларыңыз үшін көп рақмет. Сондай-ақ қазақ киносының аңызы Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қосқан зор үлесі үшін Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз», – деді А. Алтынбай.

 Фестиваль бағдарламасында «Оскар» жүлдесіне ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» драмасы, «Diğerkam», «Beklenti», «Mutluyuz Mu?», «Rafadan Tayfa: Kapadokya» және «Bak Postacı Geliyor» фильмдері бар. Барлық сеанстарға кіру тегін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button