Әлем
Trending

Ердоған: «Түркия – аймақтағы ең тұрақты және қуатты мемлекет»

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Министрлер кабинетінің кезекті отырысынан кейін халыққа жолдаған үндеуінде елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты маңызды мәлімдемелер жасап, Түркияның жаһандық сахнадағы рөліне тоқталды.

Түркия Республикасы Президенті жанындағы Коммуникациялар басқармасы таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, мемлекет басшысы ел экономикасының тұрақтылығы мен экспорттағы тарихи жетістіктерді ерекше атап өтті. Президент Ердоған өз сөзінде: «Түркия – белгісіздік артқан, адамзат жол мен бағыт іздеуді жеделдеткен бүгінгі таңда өз аймағының ең қуатты, ең тұрақты елі ретінде көзге түсуде», – деп мәлімдеп, қабылданған шешімдердің мемлекет пен ұлт үшін игілікті болуын тіледі.

Экономикалық көрсеткіштерге тоқталған Ердоған сәуір айында экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22,3 пайызға артып25,4 миллиард долларға жеткенін хабарлады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы экспорт 88 миллиард 630 миллион долларды құраса, соңғы 12 айлық көрсеткіш 275,8 миллиард долларға жетіп, Түркия Республикасы тарихындағы рекордты жаңартқан.

Экспорттық тауарлар арасында 3,9 миллиард доллармен автокөлік өнеркәсібі көш бастап тұрса, қорғаныс және авиация саласының экспорты 962 миллион долларға жетіп, 28 пайыздық өсім көрсеткен. Түркия басшысы бұл көрсеткіштерді елдің өндірістік әлеуетінің айқын дәлелі ретінде бағалады.

Сыртқы саясат пен Еуропалық Одақпен қарым-қатынас мәселесінде Режеп Тайып Ердоған Анкараның ұстанымы нық екенін жеткізді. Ол Еуропаның болашағы Түркиямен тығыз байланысты екенін айта келе:

«Түркия толық мүше ретінде орын алмаған Еуропалық Одақтың жаһандық актер және тартылыс орталығы бола алмайтыны енді түсінікті болуы керек. Біз тек қажет болғанда ғана есігі қағылатын, ал басқа уақытта шеттетілетін ел емеспіз және ешқашан болмаймыз», – деді.

Түркия Президентінің пайымдауынша, қазіргі таңда Еуропаның Түркияға деген мұқтаждығы Түркияның Еуропаға деген қажеттілігінен әлдеқайда жоғары және бұл үрдіс болашақта да арта түспек. Ол Еуропалық Одақты Түркияның сындарлы ұстанымын бағалауға және ескі саяси көзқарастардан арылып, тең дәрежелі қарым-қатынас орнатуға шақырды.

Ердоған әлемдік жүйенің көпполярлы бағытқа қарай қарқынды дамып келе жатқанын, Түркияның осы жаңа жүйенің негізгі полюстерінің бірі болуға ең лайықты үміткер екенін атап өтті.

Сондай-ақ, әлеуметтік саладағы жаңалықтармен бөліскен Ердоған жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Отбасы және жастар қоры» арқылы көрсетілетін көмек көлемін ұлғайтатынын жариялады. Осыған дейін бірінші балалы болған жұптардың несие төлемдерін жеңілдеткен мемлекет, енді жаңа шешім бойынша, несие қайтару кезеңінде екінші балалы болған отбасылардың қалған барлық қарызын толығымен кешіруге (грант ретінде беруге) шешім қабылдады.

Ердоған сөзінің соңында Түркияның ұлттық мүдделерін қорғау жолында 60 жылдан астам уақыт бойы сақталған ерік-жігермен, сабырлылықпен және табандылықпен алға баса беретінін нықтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button