Астанада 1 400-ден астам терезе бекіткіші тегін орнатылды

Астанада балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, құтқарушылар полиция қызметкерлері мен еріктілермен бірлесе отырып, тұрғындар арасында үнемі түсіндіру рейдтерін ұйымдастырып келеді.
Жыл басынан бері елордада 250-ден астам профилактикалық рейд өткізілді. Аталған іс-шаралар барысында 4 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылып, тұрғындарға балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсынымдар берілді. Әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға, сондай-ақ көпбалалы және кішкентай балалары бар жанұяларға ерекше назар аударылып, оларға терезелерге арналған 1 400-ден астам қауіпсіздік бекіткіші тегін орнатылды.
Мамандар ата-аналарға бірқатар маңызды ережені еске салады: балаларды қараусыз қалдырмау, москит торына сенбеу, терезе маңына жиһаз қоймау және терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату қажет. Құтқарушылардың пікірінше, қарапайым сақтық шаралары жазатайым оқиғалардың алдын алады, ал балалар қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне тікелей байланысты.


