Астанада Қостанай өңірінің креативті әлеуеті екі күн бойы назар аударды

Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған Creative Aimaq республикалық жобасы шеңберінде QOSTANAI CREATIVE CULTURE атты креативті жәрмеңке екі күн бойы жұмыс істеді. Бұл туралы астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Іс-шараға 1000-нан астам адам қатысты.
Жәрмеңке барысында Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық қолөнері, авторлық брендтері, заманауи технологиялары және креативті индустриялары бір алаңда ұсынылды. Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде биыл Қостанай өңіріне бұйырған республикалық «Алтын домбыра» айтысының бас жүлдесі көпшілікке таныстырылды. Жүлде иегері Айбек Қалиевпен кездесу, домбыралар көрмесі, ұлттық музыкалық аспаптар топтамасы және тарихи тұлғаларға арналған экспозициялар келушілердің назарын аударды.
Бағдарлама аясында Қостанай дизайнерлерінің этностильдегі сән көрсетілімі, Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмінің таныстырылымы, сондай-ақ Қостанай өңірлік университеті студенттерінің инновациялық инженерлік жобалары мен Қазақстандағы алғашқы студенттік жарыс болиду ұсынылды. Зергерлік өнер, ағаш және былғары өңдеу, киіз басу, қыш өнері, ұлттық ою-өрнек бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өткізіліп, қатысушылар қолөнер бұйымдарын жасау үдерісіне тікелей қосылды. Еліміздегі тұңғыш фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі — «Шертер» ансамблі де өнер көрсетіп, ұлттық музыкалық мұраны насихаттады. Өткізілген іс-шара өңірлік креативті индустриялардың экономикалық әлеуеті жоғары екенін және қазақстандық креативті өнімдерге деген сұраныстың өсіп келе жатқанын айғақтады.



