Экономика

Қазақстан жерді қорғау және қалпына келтіру саласындағы тәжірибесін таныстырды

Қазақстан Ташкент қаласында өткен халықаралық жиында жер ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту, топырақ қорғау және деградацияға ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Оқиға Green University базасында өтті. Жиынға Орталық Азияның алты мемлекеті мен Армения өкілдері, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының сарапшылары, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйым мамандары қатысты.

Жер ресурстарын басқарудағы реформалар

Кездесу барысында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің өкілдері жер қорының мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, жерді пайдалану мен қорғауға бақылауды күшейту, цифрлық жүйелер енгізу және заңнаманы жетілдіру саласында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Басты бағыттардың бірі — пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару. 2022 жылдан бері 15,7 млн гектар жер қайтарылып, оның 13,5 млн гектары халықтың қажетіне қайта таратылды.

Топырақтың жағдайын анықтау және цифрлық жүйелер

Жерді тиімді пайдалану үшін топырақтың нақты жай-күйін анықтау маңызды. Осыған орай министрлік жер деградациясы карталарын жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 2023 жылы зерттеу шаралары 53,5 млн гектарды қамтыса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 60,5 млн гектарға жетті. Екі жыл ішінде зерттеулер жалпы 114 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабына жүргізілді.

Салада цифрлық инфрақұрылым да дамып келеді. JerInSpectr ақпараттық жүйесінің негізінде кадастр, зерттеу нәтижелері және мемлекеттік мониторинг деректері біріктірілген бірыңғай цифрлық жүйе жасалып жатыр. Бұл шешімдер жер қатынастарының ашықтығын арттыруға және басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Заңнамалық өзгерістер мен халықаралық ынтымақтастық

Жерді қорғау бойынша заңнамалық негіздер де жетілдірілуде. 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған «Топырақты қорғау туралы» Заң топырақ деградациясының алдын алу және құнарлылығын сақтау тетіктерін қарастырады. Заң аясында өңірлік жоспарлар әзірлеу, агрохимиялық деректердің бірыңғай банкін құру және ауыл шаруашылығы жерлеріне паспорт әзірлеу шаралары енгізілген.

Қазақстан БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы шеңберінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірге PRAIS-5 ұлттық баяндамасын дайындап жатыр. Келешекте жердің жай-күйін бағалаудан нақты қалпына келтіру шараларына көшу көзделген. Бұл тәсіл ғылыми негізделген шешім қабылдауды және кеңістіктік деректерді пайдалануды қарастырады.

Тәжірибе алмасу және сараптамалық талқылаулар

Тренинг барысында қатысушылар өз елдерінің тәжірибесімен бөлісіп, жердің жай-күйін бағалау, кеңістіктік жоспарлау, мониторинг және деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру мәселелері бойынша тәжірибелік сабақтар мен сараптамалық пікір алмасуларға қатысты.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button